Атыраулықтар әлем чемпионын күтіп алды

30 мамыр мен 9 маусым аралығында Греция елінде Муай-тайдан ересектер арасында әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Оған Атыраулық Әбіл Галиев қатысып, алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атанды. Бүгін халықаралық Х.Доспанова атындағы Атырау әуежайында жеңімпазды салтанатты түрде күтіп алу рәсімі өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметінен білгеніміздей, бұл чемпионатқа облыстан 3 спортшы қатысты. Әбіл Галиевтің бапкері Руслан Байтуғановтың айтуынша, Ол дайындаған 2 шәкірті жүлдегер атанды.

- Сайысқа 95 мемлекеттен 600 спортшы қатысып, елімізден 10 спортшы бағын сынады. Ұлттық құрама сапында 63,5 келі салмақта өнер көрсеткен шәкіртім Әбіл Галиев сенімімді ақтап, әлем чемпионы атағына ие болып отыр. Ал, әйелдер арасында сынға түскен шәкіртім Айда Хайруллина қола жүлдені иемденді. Әрине жарыс оңай болмады. Қарсыластардың бабы келіскен, дайындық деңгейі өте жоғары болды. Қараша айында өтетін Жабық Азия ойындарына қатысуды және жеңімпаз атануды жоспарлап отырмыз,-деді Р.Байтуғанов.

Жерлесіміз Әбіл жарыс жолында Украина, Франция, Беларусь және Вьетнам спортшыларынан басым түсті. Ол осыған дейін Азия чемпионы және былтыр Таиландта өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атағын алған. Муай-Тайдан әлем чемпионы атағын алған Әбіл Галиев жарыста алған әсерімен бөлісті.

- Бұл үлкен жеңістердің бастамасы ғана. Бұл жолы сенімді ақтадым. Алда үлкен жарыс күтіп тұр. Енді жабық Азия ойындарына дайындықты бастаймын. Ерінбей, үнемі дайындықта болған спортшы үшін алынбас қамал жоқ,- деді Ә.Галиев.