Париж олимпиадасына автокөлікпен барған атыраулық Ерік Шыныбеков жақында ғана ұзақ саяхаттан елге оралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі "Айқын" газетіне жасап.
Отбасымен бірге әлемнің 13 елін кесіп өтіп, қазақстандық спортшыларға Париж олимпиадасында жанкүйер болған атыраулық жиһанкезбен сұхбаттасып, ұзақ сапары туралы сұрадық.
- Күні кеше Парижден оралдыңыз, көңіл-күй қалай?
- Рахмет! Сапардан келгенімізге екі аптадай өтсе де, әлі де сол тамаша сезімдеміз, керемет ерекше әсер құшағынан әлі де болса ажырай қоймадық. Жолығып, сапар туралы сұраған жандарға саяхат туралы әлі жыр қылып, айтып жатырмыз. Әрине, алыс сапардан келген алғашқы бір-екі күн ұйқымыз келіп, шаршағанымызды байқадық. Бірақ, тез-тез өзімізге келіп, күнделікті өмірімізге қайта оралдық. Балалар мектеппен қауышып, жұбайым екеуміз жұмысымызға қайта кірістік.
- Парижге дейін көлікпен біраз елді кесіп өтіп, жол жүрдіңіз. Жолдағы сапар қалай болды? Қай ел ерекше әсер қалдырды?
- Сенесіз бе, біз Парижге дейін 13 елдің үстінен өткен екенбіз. Әрине, кейбір елдердің үстінен бара жатып және келе жатып қайта кесіп өттік. Маршрутымыз қысқаша былай болды: Атырау – Ресей – Грузия – Түркия – Греция – Италия – Швейцария – Франция – Германия – Австрия – Словения – Хорватия – Черногория – Албания – Греция – Түркия – Грузия – Ресей – Атырау. Жалпы ұзындығы 14 000 шақырым болатын жолды біз автокөлікпен жүріп өттік. Және бұл ерекше саяхатымызға толық 35 күн кетті. Жүріп өткен барлық елдер ұнады. Табиғатымен ерекше көзге түскен – Швейцария болды, ал, Италия бай тарихымын таңқалдырды.
- Жолда көлік бұзылып, дөңгелек қажет болған сәттер болды ма?
- Аллаға шүкір, көлігіміз бұзылмады, дөңгелектегі ауа қысымы Атыраудан қалай кетті, қайта оралғанда да сол қалпында сақталып тұрды. Әрине, орта жолда, шамамен 8000 шақырым болған кезде, Италияда мотордың майын, фильтрін ауыстырдық. Германияда май сатып алдық, Италияда ауыстырдық. Бір қызығы әрине, мысалы бізде май сатып алсаңыз, ауыстыру тегін ғой. Ал ол жақта, тек майды ауыстырғаны үшін, қызметіне қосымша 50 еуро төледік.
Яғни, капитализмнің нағыз отаны саналатын Еуропада, жұмысшының еңбекақысы сағатпен есептеледі. Сәйкесінше, көрсетілетін қызмет сапасы да өте жоғары. Бір ғана көліктің майын ауыстырып бергені үшін, Италиядағы көлік жөндеу сервистік орталығы толық А4 беттік қағазды толтырып, құжат рәсімдеп берді. Себебі ол жақта, мысалы авто авариялары қатты тергеуден өтеді екен. Егер, дөңгелектің тежегіші ұстамай қалса, ол тежегіштің құралын қайдан сатып алғанын, кімнің және қайдан ауыстырғанын түгел тексереді. Сондықтан, көлікке қызмет көрсету орталықтарының жауапкершіліктері де жоғары болады.
- Жанармай "запасын" қалай алып жүрдіңіз?
- Шыны керек, бізден сапар туралы сұрап жатқан көпшіліктің қоятын сұрақтары – жанармай және оның бағасы туралы. Біз шыққан шығындарды жазып жүрдік, елге оралған соң ғана соның есебін түгел шығардық.
Менің көлігімнің моделі - ланд крузер 100. Жол талғамайтын, 4,7 моторды бензинмен әрі газбен жүретін, 2007 жылғы ескі көлік. Бірақ, дым да шаршамай, тоқтамай, ысып кетпей, бұзылып қалмай, отбасымды аман-есен елге алып келді. Біз Атыраудан шығарда көліктің жүрген жолы 415 432 шақырым еді. Елге оралғанда ол көрсеткіш 429 517 шақырым болды. Автогазға кеткен шығын 908 316 теңге екен. Жанармайға 74 833 теңге кетті. Жол бойына газбен жүріп отырдық. Еуропа елдерінің кез келген жанар-жағармай бекетінде газ бар. Сондықтан, ешқандай проблема болған жоқ.
- Қандай қызықты сәттер, ерекше оқиғалар болды?
- «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, әрине 13 елдің өз ұлты, өз салты мен ұстанымдары бар. Бірақ, ортақ адами құндылықтарымыз бірдей. Тазалық ережелері, жол ережелерінде ерекшеліктері аса көп емес. Біздің жол жүріп бара жатырғанымызды көрген тик-ток оқырмандары комментарий қалдырып, жолай үйлеріне қонақ болып, қонып кетуімізді ұсынып жатты. Жан-жақта әйтеуір бір қазағым бар екен.
Одан бөлек, еуропа халқының саяхатқа деген ұғымына таң қалдық. Олар саяхатты мейлінше жақсы көреді және жиһанкездікті олардың өмір сүру образы десек те болады. Ол елдерде саяхат үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Барлық ірі қала маңында кэмпингтер бар. Бізде кэмпинг десе, қалаға кіре берістегі фура шоферлерінің жататын, лас орындары елестейді ғой. Ол елдердегі кэмпинг біздің елдегі пикник алаңдары іспетті.
Біз Грецияда, Швейцарияда 50-60 жыл болған кэмпингтерде қондық. Өзіміз алып шыққан шатырымызды көлігіміздің жанына орнатып, тамағымызды пісіріп, балалар сол кэмпинг бассейндеріне түсіп, демалып жаттық.
Душ, әжетхана, ыдыс-аяқ жуатын жерлер, балалар ойнайтын алаңдар, тамақ пісіретін асханалар бәрі бар. Тазалығы кейбір отелдерьден де керемет. Міне, осындай жағдай болған соң, еуропада адамдар автоүймен көп саяхаттайды.
Ол үшін аса бір көп ақша да керек емес. Кэмпингте бір қонып шығу 30-50 еуро арасында. Өз көзімізбен көрдік, автоүйін керіп, маркиз астында, кішкене үстел құрып, ыңғайлы креслода, екі егде жастағы жұп отырды. Біздікіндей үйіліп-төгіп жатқан тамақ та жоқ, минималды мәзірмен отырды. Яғни, ыңғайлылық ол жақта бірінші орында.
- Париж олимпиадасын көзбен көргендегі әсеріңіз қалай болды?
- Алғашқы басты мақсатымыз әрине ол - Париж Олимпиада ойындарына қатысып, еліміздің споршыларына жанкүйер болу. Олимпиаданың ашылу салтанаты жаңбырлы кеште болды, үсті - басымыз малмандай су болды. Бірақ, алыстан болса да тамашаладық. Әр жерге үлкен экрандар орнатып, тікелей эфирмен көруге де жағдай жасап қойған екен. Одан бөлек, бокс сайысын көріп, Назым Қызайбай қарындасымыздың жеңісін тамашалап, Геннадий Головкин бауырымызбен фотоға түсіп, мәз болдық.
- Өзіңіз ғана емес, отбасыңыз соның ішінде балаларыңызға ерекше сәт сыйладыңыз. Ең қымбат жандарыңыздың реакциясы қалай болды?
- Өткенде бір қызық статистика көпдім. Біздер ата-аналар баламызбен 18 жазды ғана бірге өткізеді екенбіз. Небәрі 18-ақ жаз! Сол секілді, осындай ұзақ саяхаттарға да шықпайды екенбіз. Әрине ерлі-зайыпты болып шығудың да әсері бар, балалармен шығудың да керемет құндылықтары бар.
Шама келгенше екеуін де қатар, орын-орнымен жасап жүру керек. Балаларымыз үшін бұл естен кетпес саяхат болды. Әрі фото-видеоға түсіріп, бұйырса Atyrau Nomads саяхат клубының ютуб арнасына шығарамыз. Ертең балалар есейіп, тіпті қартайған шағында да сол видеоларды қараған сайын өздерін сол баяғы 5, 9, 16 жастағыдай сезінеді деп ойлаймын. Видео өз алдына бөлек тақырып. Ал, балалардың сыртқы шығып, ел көріп келгені олардың дамуына, ойлау қабілеттерінің артуына жақсы әсерін тигізеді деп сенемін. Қанша елден өттік, ағы бар, қарасы бар әртүрлі адамдарды көрдік, әртүрлі тілдер естідік, табиғат пен тарихты өз көзімізбен көрдік. Атырауда отырып бұл әсерлерді, бұл естеліктерді қандай, қанша ақшаға сатып алуға болады?
35 күн бойы бір көлік ішіндеміз, бір-бірімізді түсіну үшін, мінез-қылықтарын байқау үшін, жақсы тәлім-тәрбие беру үшін табылмас жабық орта болды.
- Алыс сапарға шығуға қорқпадыңыз ба? Қанша дегенмен танымайтын жер, танымайтын ел, оған қоса бала-шағамен толық шығып барасыз дегендей?
- Бұл саяхат Алла ризалығы үшін жасалғандықтан, мен ештенеден қорықпадым. Себебі панам - Алланың өзі. Көп адам айтады, ана Албания жақта террористер бар, Италияда қарақшылар бар деп. Мен оларға айтам: егер Жаратқаным менің досым болса, оның жаратқандары қалайша менің дұшпаным болады деп?
Егер осы бір айдың ішінде мені ажал күтіп отырса, мейлі мен Еуропада болайын, мейлі Атырауда төсекте жатайын – тағдырымызға жазылғанын көреміз ғой. Бүкіл адам келіп мені қорғауға шықса да, мен ажалдан құтыла алмаймын. Ал егер, пешенемізде ұзақ жылдық сау да саламат өмір жазылған болса, қай елде болса да, қандай қанды қарақшы кездессе де, маған титтей де зарар бере алмасы айдай анық. Сондықтан, ниет етіңіздер, амал етіңіздер, ал қалғанын Құдайға тапсырып, бастап кетіңіздер дер едім.
- Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойының амбассадоры деп естідік, сол туралы айтсаңыз?
- Осы Париж саяхатына шығар алдында, мен бір үлкен чат группасына тамаша саяхатты жоспарлап отырғаным туралы айтқан болатынмын. Артынан іле-шала, Астанадағы «Қазақстан спортының трансформациясы» атты белсенді азаматтардан құрылған бір топ маған шығып, осы көшпенділер ойыны туралы, оны жария ету туралы ұсыныс білдірді. Әрине, түптің түбінде, өзіміздің ата-бабаларымыздан келе жатқан этно-спорттық ойындарыдың дамуы, келесі ұрпаққа аманат ретінде берілуі мен үшін де парыз. Содан, көшпенді ойындарының наклейкасын көлікке үлкен етіп жапсырып, ақпараттармен қаруланып, шығып кеттік. Жол жөнекей, кездескен , қызығушылық білдірген адамдарға да айта жүрдік.
Бұл, Астанада 8-13 қыркүйекте өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – біздің ел үшін аса маңызды, өте жауапты мәселе. Дүние жүзінен 80-нен аса елден ойыншылар, спортшылар келеді. Ескіріп қалған асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қазақша күрес, теңге ату, ат үстінде жебе тарту секілді ұлттық құндылыққа толы ойындардың бір ортаға шығуы, халықтың құлығына шалынуы, балаларымыздың жастардың сол ойындарға құлшынуы, ол сайыстардың жоғарғы деңгейде өту біз үшін маңызды. Мажаристаннан (Венгрия) Якутияға дейін иісі түркі, көшпенді елміз. Бұл өте үлкен география, миллиондаған адамдар.
- Әуе жолымен саяхаттау бір бөлек, жалпы, автокөлікпен саяхаттау туралы идея қайдан пайда болды? Алғаш автосаяхат жасаған жерлеріңіз қандай еді?
- Осыдан, 4 жыл бұрын, біз Эльдар, Ерлан, Айдарбек атты азамат жігіттермен бірігіп Atyrau Nomads саяхат клубын құрдық. Алғашқы авто саяхатымыз 4 көлікпен 4 күн жүріп, Маңғыстау елін араладық. Ол кезде чатта 20 шақты адам болған. Қазір инстаграмдағы оқырмандар 4000-нан асады, ал ватсап чаты 1000 адамнан асатын, қаламыздағы бірден бір саяхат клубы болып есептелед. Тіпті, облыс әкімінен алған алғыс хатымыз да бар.
Клубымыз коммерциялақ, табыс көзін көздемейді. Сіз секілді, мен секілді саяхатсүйер қауымнан құрылған, бір қозғалыс десек те болады. Әр жүрген жерімізде тазалыққа өте мән береміз, барған жерімізді кетерде одан да жақсы етіп қалдырып кетуге тырысамыз.
Автокөліктің бір жақсы жағы, жол бойы көптеген елді-мекендерді көруге болады, адамдарды кездестіресіз. Көлікке түнде қонатын, айдалада тамақ пісіретін барлық құрал-жабдықты алуға болады. Ұшақтың бір ғана пайдасы тез әрі алысқа бару. Ал, бізге тез-тез жасап керек емес, жас ұлғайған сайын әрбір сәтті көріп, дәмін ұзағырақ татқың келеді екен... Және алысқа да баруға болады, мысалы Парижге.
- Ұзақ жолға көлігіңізді қалай дайындадыңыз?
- Бұрыннан да экспедицияға шығып жүргендіктен, негізі көлік дайын болатын. Әрине, сапар алдында майын суын ауыстырып, бір тексертіп аламыз ғой. Көліктен бұрын, туристік құрал-жабдықтарды алдық, мысалы 5 кісілік күн сәулесін өткізбейтін шатыр, астымызға төсейтін үрмелі губкадан жасалған көрпе, әжетхана және душ бола алатын кабинка, маркиз, автономды электрик энергиясын беретін аккумулятор, тамақ пісіретін газ балон, пеш дегендей. Міне осындай нәрселерде алуға толықтырумен ғана дайындалдық.
- Саяхат адамға не береді?
- Саяхат - өзіңізді, қасыңыздағы адамдарды тануыңызға мүмкіндік береді, жолдағы мәселелерді шешіп, өзіңізге деген сенімділікті арттыруға мүмкіндік туғызады. Басқаларға жол көрсету арқылы, ынталандырып, мотивация береді. Ішкі және сыртқы туризмнің, авто-туризмнің дамуына әкеледі. Балалардың ішкі жан-дүниесін сілкіндіруге, бір қосалқы дем беруге, тезірек дамуына, өз алдына жауапкершілік ала алатын тұлға болуына жол ашады.
- Саяхаттағысы келіп жүрген адамдарға не айтасыз?
- Не айтайын, ақ жол тілейміз тек! Сапар барысын анықтап қарап алыңыз, ютубтан бұрын барған адамдардың видеоларын қараңыздар, неғұрлым көп ақпарат жинасаңыз, соғұрлым дайын боласыз. Әрине, қаржы мәселесі де маңызды. Егер қаржылай дайын болмасаңыз, аз-аздап, осы өзіміздің еліміздің жерлерді аралап, көлікпен немесе көліксіз шығып, тәжірибе жинай беріңіз. Мен Парижге шықпастан бұрын, былтыр отбасыммен, осы көлікпен 17 күн және 7600 шақырым жүріп, бүкіл Түркияны аралап келдім. Одан бұрынғы жылы, осы көлікпен, осы отбасы мүшелерімен бүкіл Қазақстанды аралып келдім.
- Атыраудан солтүстік жақпен шығып, Қатон Қарағай, Тарбағатай тауларына барып, кері Ыстық көл арқылы оңтүстікке қайттық. Яғни, Парижге дейін бізде саяхаттаудан біраз тәжірибелі болды. Көлікпен жүрудің бірталай артықшылықтары мен кемшіліктерін де зерттедік. Моралды түрде де дайын болдық. Сондықтан, жаңадан саяхат бастаушыларға айтарымыз, алдымен кішкене кішкене қадаммен бастаңыздар, әрі қарай жол өзі апарады!
Сұхбаттасқан: Баян Жанұзақова