Атыраулық шабандоз 3,5 млн теңге ұтып алды!

Астанада "Қазанат" атшабарында өткен аламан бәйгеде  жүзге жуық жүйріктің ішінен қызылқоғалық Қайырбек Баймұратовтың “Бозкүреңі” екінші орын алып, 3,5 млн теңгені қанжығасына байлады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Елордамыздың ширек ғасырлық мерейтойы аясында "Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері" федерациясы республикалық жарыс ұйымдастырған болатын. Шабандоздар құнан бәйге (7 км), жорға жарыс (7 км), топ (15 км) және аламан (22 км) бәйге бойынша сынға түсті.

Қайырбек Баймұратовтың айтуынша, төрт түліктің ішіндегі ең ерекшесі – жылқы. Оны мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең – азық. Қазақ – ат баптаған, ар сақтаған халық. Ат баптайтын үйде береке болған. Қазіргі уақытта аса қажет сабырлық, тыныштық пен тұрақтылық – жылқы мінген жанның бойынан табылған деседі. Бұның бәрі бос сөз емес, «халық айтса, қалт айтпайды» дейді. Ендеше, өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді жандыратын уақыт жетті. 

– Жасыратыны жоқ, республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда, бізде ат спорты кенжелеп қалды, - дейді ол. – Бүгінде ақылы бәйге өткізу өте тиімсіз. Өйткені, құлшынысы зор, қаражаты жоқ тұрғындар бар. Тұлпарлары да жер тепкілеп тұр. Бірақ, жағдайы жетпейді. Сондықтан бәйгенің бәрі тегін өтуі керек. Бес мың жыл бойы ата-бабамыз ат үстінде жүріп Атыраудан Алтайға дейін созылған ұлан-байтақ жерді жаудан қорғап қалды дейміз. Бірақ, сол аттарға селекциялық сұрыптау жұмыстарын әлі күнге дейін жүргізбеген екенбіз. Осыны ескеріп, бір топ жанашыр азамат жиналып, «Qazaq Golden Steed» («Қазақтың алтын тұлпары») компаниясы құрылды. Ол Қазақстанда туылған бәйге аттарын сұрыптап, жан-жақты насихаттаумен айналысады. Мақсат – қазақтың сәйгүлігін әлемдік деңгейге шығару. Мәселен, Еуропада бәйге аттары 1-3,2 км аралығында шабады. Ал, бізде сол аттар сұрыпталып, 51 шақырымға шабуда. Барлығы аң-таң! Еуропалық атбегілердің көкейінде тек бір-ақ сұрақ сайрап тұр: «Қазақтардың қандай қасиеті бар?» Міне, «қазақ – қанымыз, жылқы – жанымыз» деген осы. Біздің халық жылқыны жанындай жақсы көріп, балаша баптайды ғой, шіркін! Тіпті, асқа тәбеті болмай қалса да, соның себебін іздеп, ой түбіне батып кетеді. Атының көңіл-күйін қас-қабағынан-ақ біліп отырады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ