Жұбайларын жұмысқа орналастырамын деп алдаған...

Атырау облысының Махамбет аудандық сотында алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудандық соттың баспасөз қызметінен білгеніміздей, сотталушы А. жәбірленушілер Б. мен Қ.-ға ұялы телефонындағы «WhatsАрp» желісі арқылы сөйлесіп, сеніміне кіріп, өзге адамдарды жұмысқа кіргізетін мүмкіншілігі болмаса да, олардың жұбайларын жұмысқа орналастыратынын айтып, түрлі себептермен бірнеше рет ақша қаражатын өз есепшотына аудартқан. Нәтижесінде сотталушы А. жәбірленушілермен аударылған 107 000 теңге және 107 150 теңге ақшаны заңсыз иемденіп алып, жұмысқа орналастырмай алдап кеткен.

Сотталушы А. сотта тағылған айыпты мойындап, қазіргі кезде жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды толық өтегенін айтып, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер өз кезегінде кешірім берді. Сотталушының жасаған қылмыстық әрекеті ауыр қылмыс санатына жатуына байланысты, сот үкімімен сотталушы А. ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ