NCOC 2,3 трлн теңге айыппұл арқалауы мүмкін

Атырау облыстық экология департаментінің мамандары «North Caspian Operating Company N.V.» (NCOC) компаниясының жұмысын тексеріп, бірақтар экологиялық заңнамалардың бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осыған орай, біз экология департаментінің баспасөз өкілі Айгерім Қадыровадан мәселенің мән-жайын сұраған едік. Оның айтуынша, «Болашақ» алаңында миллион тоннадан астам көлемде күкірт орналасқаны анықталған. Бұл тиісті нормадан екі есе көп. Қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жоспары толық көлемде орындалмайтыны белгілі болды. Қалдық су тазартылмайды. Факел арқылы тазартылмаған шикі газ жағылатыны да анықталды.

Дұрысында мұның бәріне тиісті экологиялық рұқсат алынуы керек екен. Ал, тексеріс барысында бірде-бір рұқсат қағазы болмай шыққан. Енді сәйкесінше, әкімшілік-құқықбұзушылықтың 324, 325, 326, 328, 331, 332-баптары бойынша іс қозғалып отыр. Іс Атырау қалалық әкімшілік сотында қаралып жатыр. Қорытындысы қосымша хабарланатын болады. Bloomberg ақпараттық агенттігінің алдын ала мәліметі бойынша, NCOC компаниясы 2,3 триллион теңге (5,1 миллиард АҚШ доллары) көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін.

Айта кетейік, аталған компанияның қызмет аймағына Қашаған, Қайран, Ақтоты және Оңтүстік-батыс Қашаған кен орындары кіреді. Соның ішінде Қашаған ірі кен орындарының бірі болып саналады. Оның мұнай қоры 13 миллиард баррельге дейін барады. Ондағы коммерциялық мұнай өндірісі 2016 жылдың күзінде басталған болатын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ