Қазақстанда "уылдырық шашу" акциясы өтпек

5 сәуір мен 5 маусым аралығында балық аулау барысы мен одан жасалатын өнімдердің саудасы қатаң қадағаланбақ, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы біз Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлынан білдік.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігі балық және басқа да су жануарларының биоалуандығын сақтау үшін ел аумағында 5 сәуір мен 5 маусым аралығында «уылдырық шашу» акциясын өткізеді. Осы уақыттамемлекеттік орган өкілдері балық аулауға тыйым салуға, балық және балық өнімдерін заңсыз сатып алып, өткізудің, тасымалдаудың фактілерін анықтап, жолын кесуге басты назар аударады. Осы тыйымды бұзғаны үшін заңнамада әкімшілік кодекстің 383-бабы бойынша 10 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік және 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру (Қылмыстық кодекстің 335-бабы бойынша) қылмыстық жауапкершілік көзделген» дейді ол.

Айта кетейік, акция талаптарына бағынғысы келмейтін азаматтарға қатаң шара қолданылады.

Бұдан бөлек, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы ағымдағы жылдың 31 наурызынан бастап әлеуметті желіде көптеп тарап жатқан – Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтындығын ескертеді. Көрсетілген мерзім – Жайық-Каспий бассейні бойынша жыл сайын «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясының өткізілетін уақыты.

Жайық-Каспий бассейні бойынша балық аулау мерзімдері «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. 2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 бұйрығында белгіленген. Оның 23-ші тармақшасы бойынша, кәсіпшілік емес балық аулау құралдарын қолдана отырып:

1) Атырау облысының шегіндегі Жайық өзенінде 15 мамырдан 15 маусым қоса алғандағы аралықта;

2) Қиғаш өзенінде, оның барлық каналдары мен өзектерінде сенбі, жексенбі және мереке күндерін қоспағанда, 20 сәуірден 20 мамырды қоса алғандағы аралықта;

3) Батыс Қазақстан облысының шегіндегі Жайық өзенінде және оның барлық жанама су айдындарында (старицалар, құймалар, жылғалар, өзектер) 15 мамырдан 15 маусым қоса алғандағы аралықта;

4) Батыс Қазақстан облысының басқа су айдындарда 1 мамырдан 31 мамырды қоса алғандағы аралықта балық аулауға тыйым салынған.

Сондай-ақ, 24-ші тармақтың талабына сай, барлық суда 1 сәуірден 15 маусымды қоса алғандағы аралықта шаяндарды аулауға рұқсат етілмейді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Атырау облысының әкімдігі