Атырауда 20 литр қан тапсырған донор тұрады

Атырау қаласында тұрақты түрде қан тапсырып, өмір мен өлім арасында арпалысқан науқастарға қол ұшын берген азамат бүгінгі күнге дейін 20 литрге жуық қан тапсырған, деп хабарлайды AtyrauPress.

Қала тұрғыны Қайрат Төреқұлов 2003 жылы қан донорларының қатарын толықтырды. Сол уақыттан бері тұрақты түрде қан тапсыруды әдетке айналдырған. 14 маусым – дүниежүзілік қан доноры күніне орай оған ҚР ДСМ Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы төрайымы С.Абдраманованың Алғыс хаты тапсырылды. Ол осы уақытқа дейін 40 реттен астам өмір нәрін тапсырыпты.

«Ең алғаш рет студент кезде қан тапсырдым. Ол кезде оқытушы апайым науқастанып,  шұғыл түрде қан беруге керек болды. Содан бері жылына 4 ретқан тапсыруды әдетке айналдырдым. Менің қаным қиын жағдайда жатқан науқасқа көмек болғанына қуанам. Бұдан бөлек, өзімді сергек сезінемін. Өзгеге өмір сыйлау жолында үлесімді қоса беремін», - деді Қ.Төреқұлов.

Облыстық қан орталығында басқа да тұрақты донорлар марапатталды. Солардың қатарында Ербол Дәулетов те бар. Оның тұрақты донорлардың қатарынан көрінгеніне 4 жыл болды. Осы уақыт аралығында оның қан тобына деген сұраныс артпаса, азайған емес. Өйткені Ербол төртінші оң мәнді қан тобының иесі.

«Менің қан тобым сирек топқа жататындықтан, кейде дәрігерлердің арнайы шақыртуымен келіп тапсырамын. Біріншіден, менің пайдам өзгеге тиіп жатыр, ал екіншіден, өзімнің денсаулығыма да жақсы әсерін тигізуде. Әр тапсырған сайын бойымда күш-қуат пайда болады. Өсіп келе жатқан ұлдарыма да донорлықты насихаттаймын», - деді Е. Дәулетов.

Марапатталған қан донорларының арасында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова да бар. Ол 17 жылдан бері қан тапсырып келеді. Сонымен қатар, өзі басқарып отырған жоғары оқу орнының студенттерін де үгіттеп, донорлар қатарының артуына да үлесін қосып отыр.

Облыстық қан орталығының директоры Жәңгірхан Бахоновтың айтуынша, донорлар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Осыған дейін түрлі үгіт-насихат шараларының арқасында қан донорларын тарту жұмыстары ұдайы жүргізілсе, бүгінде көбі ерікті түрде өздері келеді екен.

 «Биыл 5 айдың ішінде ынталанып келген 4819 адамның 3608-і қан тапсырды. Қалғаны жіті медициналық тексерулер барысында түрлі себептерге байланысты шеттетілді. Ал былтыр 4 876 донор қан тапсыруға ынталанса, оның 3 446-сы қан тапсыруға мүмкіндік алды. Яғни 162 донорға артып отыр. Күніне 30-100  адам келіп қан тапсырады. Жыл басынан бері 8309 доза қан өнімдерінен қанның қызыл түйіршіктері, қанның ақ түйіршіктері, тромбоцитарлық пластинкалар, донорлық қаннан қатырылған сарысулар (плазма), донорлық қаннан жуылған қанның қызыл түйіршіктері, қанның топтамаларын анықтайтын сарысулар дайындалды. Соңғы 5 айда облыстағы аурханаларға 6 978 доза қан өнімдерін жібердік», - дейді Ж.Бахонов.

Қан орталығында тромбомасса 7 күн сақталады және әрдайым арнайы құрылғының ішінде ұйып қалмау үшін баяу шайқалып тұрады. Ал эритроцитті масса 42 күн сақталады. Тек плазманың ғана сақталу уақыты 3 жыл екен.

Айта кетейік, биыл облыстық қан орталығына 50 жыл толды. Қан орталығы облыстық ауруханасында бөлімше болып тұрған жерінен 1972 жылдың қаңтарынан бастап, Үкіметтің қаулысымен өз алдына облыстық қан құю бекеті болып құрылған. Ал 1994 жылы облыстық қан орталығы болып аталды. Мекеменің ғимараты 2008 жылы беріліп, 2019 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазір орталықта 129 адам жұмыс істейді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА