ҰБТ-да жоғары ұпай қалай жинауға болады?

Бұл сауалға Атыраудағы жоғары оқу орындарының өкілдері мен облыстық білім беру басқармасының мамандары жауап берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

ҰБТ-да қалай жоғары ұпай жинауға болады? Енді ҰБТ басталған дейін ЖОО мен облыстық білім беру басқармасының өкілдері түлектермен және олардың ата-аналарымен кездесу жиындарын өткізуді жолға қойып отыр. Өйткені, өндірісті өңірде еңбек нарығы қызып тұрғанымен, оған қажетті мамандар әлі де тапшы. Мәселен, биыл сұраныстағы мамандықтарға берілген мемлекеттік гранттардың игерілмей қалғаны жасырын емес. Бұған мектеп түлектерінің өміріндегі ең маңызды сынақ – ҰБТ-ның да әсер ететіндігі айтпаса да түсінікті. Осы орайда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі журналисткиа кафедрасының аға оқытушысы Анархан Жұмабаеваның айтуынша, ЖОО-на түсу үшін түлектерді ата-аналары мен мектеп мұғалімдері дұрыстап дайындауы қажет. Өйткені, бала екі жақтың да қолдауын сезінуі керек.

«Бітіруші түлек қандай мамандықты меңгергісі келетінін әлі де нақты білмеуі мүмкін. Бұл ретте, оның орнына шешім қабылдауға болмайды. Кейде, тіпті, баланы 9-сыныпты бітіре салысымен ата-анасы ҰБТ-дан «құтқарған» болып колледжге түсіріп жатады. Бұл – үлкен қателік. Себебі, бала қарсы алдынан шыққан қандай қиындықты да қасқайып қарсы ала білуі керек. Оған мәселеден қашуды емес, керісінше, шешуді осы кезден үйреткен жөн» дейді ол.

Екінші жағынан, баланы ҰБТ-ға жіпсіз байлап қоюға тағы болмайды.

«Шәкірт тек жүрегі қалаған білімді ғана игеруге тиіс. Ал, одан артық салмақ жүктеу – ұстаздың қателігі. Естеріңізде болса, бір жылдары мектеп түлектерінің арасында суицид дерегі көбейіп кеткен еді ғой. Міне, психолог ғалымдардың жүргізген зерттеу қорытындысына сүйенсек, бұған олардың ҰБТ тапсырудан қатты қорыққандығы себеп болған деседі. Себебі, олар жоғары оқу орнына түсе алмаса, ата-аналары ұятқа қалады деп ойлаған» дейді Бөкейхан ауылында Ф.Оңғарсынова атындағы мектепте қырық жыл білім берген Бағилат Абдолова.

Енді алдағы ҰБТ қалай өтеді, соған тоқталсақ. Біз сала мамандарынан «колледж түлектері ЖОО-на қалай түсе алады?» деп сұрадық. Білгеніміздей, егер колледж түлегі ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастырғысы келсе, емтихан тапсырмайды. Яғни, ақылы негізде жоғары оқу орындарына қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламаларына түскісі келсе, сынаққа бас ауыртпайды. Бар болғаны, құжаттарын ЖОО-ның қабылдау комиссиясына өткізуі керек екен.

«Түлектер ҰБТ-да бес пәннен сынақ тапсырады. Талапкер ең кемінде әр пән бойынша 5 балл жинауы тиіс. Қазақстан тарихы (20 тапсырма), оқу сауаттылығы (15), математикалық сауаттылық (15) – үш міндетті пән де, екеуі – 35 тапсырмадан тұратын түлектің таңдаған мамандығы бойынша берілетін бейіндік пәндер. Биыл оқу сауаттылығынан 15 сұрақ берілсе, онда 5 сұрақтан 3 мәтін (200-350 сөз) болады. Ал, Қазақстан тарихынан 20 сұрақ, оның ішінде – бір дұрыс жауабы бар 10, мәнмәтін негізінде 10 тапсырма беріледі» дейді мамандар.  

Айтпақшы, биыл дистракторлар – жауап нұсқалары да өзгерген. Тестілеудің жалпы уақыты – 240 минут болса, жоғары бал – 140. Ал, шекті бал әр сала бойынша әртүрлі. Мәселен, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария – 60, денсауық сақтау – 70, құқық, педагогикалық ғылымдар – 75, ұлттық ЖОО – 65, қалғаны – 50. Осы аталғандардан басқа биылғы сынақта айтарлықтай өзгеріс жоқ. Шекті балмен қатар ерекше білім қажеттілігі бар балалар үшін қосымша 40 минут беріледі. Экранда калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесі болады. ҰБТ-дан кейінгі тақырыптық талдау, әрбір тест нұсқасын таңбалау, «1 компьютер – 2 камера – 1 тестілеуші» қағидаты, тегін онлайн сабақтар, тегін онлайн тестілеу мен басқа да мүмкіндіктер – бәрі де бұрынғыдай қалып отыр.