Облыс әкімі Серік Шәпкенов ХІХ жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарының жүлдегерлері Әбиба Әбужақынова мен Эсмигүл Куюлованы қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде Серік Шәпкенов Азия ойындарында дзюдодан күміс пен қола жүлде иеленген спортшыларды құттықтап, келесі жылы Парижде өтетін олимпиада ойындарындағы сайысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.

- Бұл сіздер алар белестің соңы емес. Сіздердің кілемдегі күресті көріп, осал қарсылас еместіктеріңізді байқадым. Сіздерге жанкүйер болып, әр кездесулеріңізді жібермей көрдік. Көрсеткіштеріңіз өте жақсы. Алдағы байрақты бәсекелерде қанжығамыз майланып, жеңіспен толтырарыңызға сенімім мол. Қазіргі уақытта жастар көк байрағымызды әлем төрінде желбіреткен спортшыларға еліктейді. Кей отбасылар қызының сіздер сияқты бойжеткенін қалап, үйірмелерге беріп жатыр. Атырау жұртының мақтанышына айналдыңыздар. Әрқашан алдыңыздан ақ күн тусын. Ал сіздер бұдан да жақсы нәтиже көрсетуіңіз үшін әкімдік тарапынан көрсетілер қолдау үзілмейді,- деді С.Шәпкенов.

Кездесуде Азия ойындарына дайындық, финалдағы қиындықтар, тренерлерді тарту, қарсыластардың техникасын меңгеру, дзюдо орталығын ашу, Париж олимпиадасына дайындық мәселелері сөз болды.

- Азия ойындарына алғаш рет қатыстым. Финалға шығуға әрекет жасасам да, бұйырған қорытынды қола медаль болды. Бірақ бұл менің соңғы жарысым емес. Келер жылы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарында бұдан да жақсы нәтиже көрсетемін,-  деді Э.Куюлова.

Жиын соңында аймақ басшысы Атырау облысының дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін дзюдошыларға Алғыс хат табыс етті.

Анықтама үшін: А.Абужақынова жазғы Азия ойындарында дзюдодан - 48 келі салмақ дәрежесінде күміс, Э.Куюлова 63 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде иеленді.