«Нәжіске батып отырмыз!»: Атыраулықтардың ауласын кәріз суы басты (Видео)

Қаладағы «Нұрсая» шағынауданы Күншуақ өткелінде орналасқан бірнеше үйдің ауласын кәріз суы басып, иісі мүңкіген «Венецияға» айналды. Оған 2-ші өткел «Жерұйық» тұрғын үй кешенінің кәріздік жүйесі  істен шығып, апаттық жағдай орын алуы себеп болды, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Көпқабатты үйлердің аулаларын су алып кеткені соншалық, аяқ алып жүру мүмкін болмады. Оған қоса оның қолқаны қабатын иісін қосыңыз. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдайдың орын алуы алғаш рет емес. 

«Балалар қазір каникулда. Көбі үйден шықпайды. Ойнайын десе, ойын алаңшалары да кәріз суына толған. Бүкіл жерді алып кеткен ғой. Иісі деген мүңкіп тұр. Шыдау мүмкін емес. Апат болған кезде не жылу, не ыстық су, не мұздай су болмады. Біздің пәтер иелері кооперативі  жұмыс істемейді. Ал ақша алғанды біледі», - дейді ашынған тұрғындар. 

Бұл үйлердің пайдалануға берілгеніне 5 жылдан асты. Сол кезде жаңа баспанаға қолы жетіп, қоныс тойын тойлағандардың бүгінгі мәселесі шаш етектен. Үй тұрғыны Тұрсынай Бекайдардың айтуынша, кәріз құбыры ай сайын жарылады. Оған қоса, шатырдан да су өтеді. 

«Жыл сайын қайталанатын жағдай бұл. Біресе насос дейді, енді бірде тағы басқа уәж айтады. Кәріз құбыры жарылған кезде күні бойы сусыз отырдық. Кәріз құбыры ай сайын жарылады! Насосты ауыстырдық деп, ескісін қойып кетеді. Оның бұзылуын халықтан көреді. Жаңа насос алынсын. Өйтепеген жағдайда өз нәжісімізге өзіміз батамыз!», - дейді Т.Бекайдар. 

Қала әкімі баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, «Нұрсая» шағынауданы 2-ші өткел «Жерұйық» тұрғын үй кешенінің кәріздік жүйесі істен шығып, апаттық жағдай орын алған. 

«Яғни, тұрғын үйлердің ауласында орналасқан кәріз құдығы толып қалып, айдағыш сорғысы (насос) апатты жағдайда өшіріліп, орталық кәріз жүйесіне құйылмай қалды. Аталған үйлерге қызмет көрсетуші  «Сапа» ПИК тарапынын апатты жою жұмыстары жүргізілді. Бірнеше мәрте арнайы техникамен, яғни вакуум су шығарылды. Сондай-ақ «Спецавтобаза» ЖШС техника бөлініп, бүгінгі таңда қалыпқа келтірілді», - деп жауап берді баспасөз қызметіндегілер. 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА