Индер ауданында биыл жуырда ғана өз-өзіне қол жұмсап көз жұмған төртінші адам тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Марқұмның жасы отызда екен. Ол дарға асылып қайтыс болған. Мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Полицейлер тергеп-тексеру жұмыстарының нәтижесі қосымша хабарланатын болады деп сендірді.
Айта кетейік, біз бұған дейін жыл басынан бері облыста 38 бала өзіне қол жұмсамақ болғанын жазған болатынбыз. Өкінішке орай, соның тоғызына жақындары тарапынан дер кезінде қол ұшы берілмеген.
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев facebook парақшасында жазба қалдырған болатын.
«Соңғы кездері Атырау облысында өзіне қол жұмсауға ұмтылған балалар саны артуда. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Биылдың өзінде 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Өкінішке орай, соның 9-на жақындары тарапынан дер кезінде қол ұшы берілмеген. Қайғымен аяқталған соңғы екі оқиғаны айтайын. Жақында 14 жасар қыз бен 15 жасар ұл бала ата-анасына ренжіп биіктен секіріп кетті. Бірі көп қабатты үйден, екіншісі көпірден құлаған. Талдау көрсеткендей, көз жұмған балалардың басым көпшілігі, толық, әл-ауқатты отбасыларынан. Алайда, біздің жүргізген зертеулерге сәйкес, мұндай әрекетке ата-анасымен, кейде достарымен сөзге келіспей қалған өтпелі кезеңде жүрген балалар бейім екен. Жақында Білім беру басқармасы жанынан жасөспірімдерді психологиялық қолдау орталығын ашамыз. Онда эмоционалдық тұрақсыздыққа тап болған балаларға әдістемелік қолдау көрсетіледі, арнай call-center іске қосылады. Егер осы жұмысты жүйелеуде ұсыныстарыңыз болса, жаза отырыңыз» деп жазды ол.
Сондай-ақ, 3 қараша күні түнгі мезгілде жаяу жүргіншілер көпірінен секіріп кеткен жасөспірім әлі табылмай жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлім еткендей, қазір сегіз құтқарушы екі қайықпен іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жалпы, соңғы кезде Қазақстанда жыл сайын 200-дей жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсайтыны анықталып отыр. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Мамандар жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бір суицид 10-20 жасөспірім бойында суицидтік мінез-құлық қалыптастырса, 100-200 жасөспірімнің суицидтік санаға алып келетіндігін көрсетіп отыр. Яғни, психологиялық тұрғыда қалыптаспаған, кәмелеттік жасқа толмаған балаға замандасы, не танысы өз-өзіне қол жұмсаған тұста «мүмкін емес» нәрсе «мүмкін» болып көрінеді. Сондықтан, ата-ана баласымен материалдық тұрғыда ғана емес, моральдық тұрғыда да тығыз байланыста болуы тиіс.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ