Биыл Атырау облысында 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Өкінішке орай, соның тоғызына жақындары тарапынан дер кезінде қол ұшы берілмеген, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев facebook парақшасында жазба қалдырды.
“Құрметті оқырман, бүгін мені мазалап жүрген бір мәселемен бөліскім келеді. Яғни соңғы кездері жасөспірімдердің психо-эмоцианалдық жай-күйіне алаңдаймын. Олай дейтінім, соңғы кездері Атырау облысында өзіне қол жұмсауға ұмтылған балалар саны артуда. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Биылдың өзінде 38 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Өкінішке орай, соның 9-на жақындары тарапынан дер кезінде қол ұшы берілмеген. Қайғымен аяқталған соңғы екі оқиғаны айтайын. Жақында 14 жасар қыз бен 15 жасар ұл бала ата-анасына ренжіп биіктен секіріп кетті. Бірі көп қабатты үйден, екіншісі көпірден құлаған. Талдау көрсеткендей, көз жұмған балалардың басым көпшілігі, толық, әл-ауқатты отбасыларынан. Алайда, біздің жүргізген зертеулерге сәйкес, мұндай әрекетке ата-анасымен, кейде достарымен сөзге келіспей қалған өтпелі кезеңде жүрген балалар бейім екен. Сондықтан, қадірлі ата-аналар бауыр еті балаларымызбен мейілінше ашық сөйлесейік. Олармен көбірек уақыт өткізіп, сырласына айналайық”,- деп жазды Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желіде.
Атырау облысы әкімінің орынбасары сондай-ақ, әкімдік, тиісті басқарма тарапынан мектептердегі психологтардың баламен жұмысын күшейтетінін айтты.
“Жақында Білім беру басқармасы жанынан жасөспірімдерді психологиялық қолдау орталығын ашамыз. Онда эмоционалдық тұрақсыздыққа тап болған балаларға әдістемелік қолдау көрсетіледі, арнай call-center іске қосылады. Егер осы жұмысты жүйелеуде ұсыныстарыңыз болса, жаза отырыңыз. Кері байланыс бізге өте қажет. Бала өмірі біздің басты байлығымыз, негізі құндылығымыз екенін ұмытпайық”,- делінген жазбада.