Келесі жылы Атырау өңіріне ұлтымыздың ұлы тұлғасы Қасым ханның ескерткішін қою жоспарлануда. Бұл туралы Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов баспасөз брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау өңірі тарихи орындарға, ескерткіштерге бай. Бүгінде облыста 317 тарихи ескерткіш бар. Оның 313-і жергілікті болса, қалған төртеуі республикалық деңгейде қорғалады. Республикалық маңызы бар ескерткішке Атырау қаласындағы Мұнайшылар қалашығы, Жылыой ауданындағы Жұбан күмбезі, Индер ауданындағы М.Өтемісұлы кесенесі мен Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығы жатады.
- Тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізімінде 1 128 ескерткіш тіркелген. Алдын ала есепке алу тізіміндегі объектілердің тарихи-мәдени маңыздылығын анықтау мақсатында 48 ескерткішке тарихи-мәдени сараптама жүргізілді. Сараптамадан оң қорытынды алған 26 нысан облыс әкімдігінің қаулысымен Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізіледі. Қазір жергілікті маңызы бар – 92, республикалық маңызы бар – 1 ескерткіш, жалпы – 93 тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймағы анықталып, бекітілді, - деді Ә.Жоламанов.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, Сарайшық ауылына Қасым ханның ескерткішін орнату мәселесіне қатысты да тоқталып өтті.
- Ескерткіштің үздік жобасын анықтау үшін pеспубликалық ашық конкурс жарияланды. Келіп түскен жобалар Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, үздік деген жобалар pеспубликалық монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияда қаралады, - деді Ә.Жоламанов.
Аталған ескерткіштің қаржысы әлі нақтыланбаған. Оны келер жылы Ұлттық құрылтайға дейін аяқтау көзделіп отыр.