Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылында тергеу амалдары басталды

«Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылында тергеу амалдары басталды. Бұл туралы AtyrauPress Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 Естеріңізге сала кетейік, желіде Нұрдәулет есімді жасөспірім балалар үйінде өмір сүрудің қиындықтары туралы айтып берген бейне тарады. Осыған байланысты Атырауға Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева келді. Ол Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевпен бірге осы мекемеге барып, мән-жаймен танысты.

Ал бүгін Балалар ауылында кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін тергеу басталғаны белгілі болды.

- «Шаңырақ» балалар үйіне қатысты жарияланған мәліметтерге байланысты Атырау қаласының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігінің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша тергеу жүргізуде, - деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА