Атырауда қоқыс шығару қызметі қымбаттай ма?

Қоқыс тарифіне қатысты Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен жоба әзірленіп, ашық онлайн талқылау үшін НҚА порталына орналастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жауапты орган қызметкерлерінің айтуынша, талқылаудан соң жинақталған құжаттар қалалық Қоғамдық кеңесте талқыланатын болады. Содан кейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі барлық материалдарды депутаттардың қарауына ұсынады. Депутаттар тарапынан толыққанды талқылаудан соң ғана мәслихат сессиясына шығарылатын болады.

Жоба бойынша тариф жайлы үй тұрғындарына – 527 теңге, жайсыз үй тұрғындарына– 594 теңге деп ұсынылып отыр. Жылдық тариф 1 текше метрге – 2661 теңге. Осы орайда, ҰОС ардагерлеріне 100%, ҰОС ардагеріне теңестірілгендер, көпбалалы аналар мен І топ мүгедектеріне 50%, ІІ топ мүгедектері, зейнеткерлер мен арнайы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға 25% жеңілдік қарастырылады.

Айта кетейік, жоба 28 сәуірге дейін талқыланады.

Сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14495258

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: azh.kz