Атырау Жастар театры еншісін алып шықпақ

Атырау облыстық Махамбет атындағы драма театрының жанынан ашылған Жастар театры жеке өнер ордасы ретінде басқа ғимаратқа көшетін болды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәлім етті. Алдағы уақытта олар  облыстық Жастар театры ретінде халыққа өнер көрсетеді.

«Махамбет атындағы драма театрының жанынан осыдан бірнеше жыл бұрын Жастар театры құрылды. Қазір олар ел алдында өнерін көрсетіп жүр. Енді ол өнер ұжымын бөлек шығару туралы шешім қабылдап отырмыз. Бір ай төңірегінде театр өз жұмысын жаңа орында бастайды», - деді Ж.Бисембиев.

Жастар театры Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның ғимаратына орналасады. Филармония қызметкерлері де көп ұзамай жаңа қонысқа көшеді.

Атырау Жастар театрының жетекшісі Әміржан Нұрланұлының айтуынша, театр 2014 жылы құрылған. Ал ресми түрде 2019 жылы облыстық театр жанынан ашылды. Қазір онда 25 актер жұмыс істейді.

«Бөлек отау болған соң музыкалық театр етіп ашуды көздеп отырмыз. Біздегі жастардың барлығы да Атыраудың топырағында туып-өскен. Алғашында бізді ешкім білмеді. Сол кезде театр жастары саябақтарда, көшелерде өнер көрсетті. Осылайша халық бізді тани бастады. Жеткен жетістіктеріміз де жоқ емес. Мәселен, 2019 жылы Италияның Барселона қаласында бас жүлдені жеңіп алдық.  Мұнан соң 2022 жылы Қырымдағы «Боспорские агоны» халықаралық фестивалінде де гран-при жеңіп алдық және «Ең үздік әйел ролі» номинациясы берілді», - деді Әміржан Нұрланұлы.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА