Құлсары-Атырау бағытындағы тас жолда Доссор кентінде орналасқан газ жанармай бекеті тұсында мүмкіндігі шектеулі адам қатты соққы салдарынан оқиға орнында мерт болған, деп хабарлайды AtyrauPress.
«12 қыркүйек күні сағат 20:50 шамасында Мақат ауданы полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне Доссор селолық ауруханасынан белгісіз ер адам жол-көлік оқиғасын жасап, белгісіз мүрдені әкеліп тұрғандығы жөнінде хабарлаған. Тексеру жұмыстары кезінде Toyota маркалы автокөлігінің 1994 ж.т. жүргізушісі Құлсары-Атырау бағытындағы тас жолда Доссор кентінде орналасқан газ жанармай бекеті тұсында 1 топ мүгедегі 1964 ж.т. азаматты қағып кеткені анықталды. Соққы салдарынан азамат оқиға орнында қаза тапты», - деп жазылған Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жіберген хабарламада.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА