Атырау облысында қауіпті жәндік пайда болды

Индер ауданында тұратын Барлаушы көшесінің тұрғыны Ақару Ахметованың айтуынша, ауылда қарақұрт қаптап кеткен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қарақұрттың уы мамыр мен маусым айларында өте үлкен қауіп төндіреді екен.

“Индер ауданының тұрғыны ретінде айтарым, осымен екі жыл қатарынан қарақұртпен күресіп келеміз. Қолдан келер шарамызды қолданып көргенмен, қарақұрт жойылар емес! Бұл топан сумен келген мәселе емес, жыл сайын орын алып жүрген жағдай. Дизенфекция жұмыстарын өз күшімізбен жасап жатырмыз. Бірақ, қауіпті жәндіктің азаяр түрі көрінбейді. Бақшамызда жеміс-жидек пен көкөністеріміз бар. Бірақ, оны уақытында теріп ала алмаймыз. Себебі, қарақұрттың көптігінен бақшаға кіруге қорқамыз. Сақтық шараларын сақтауға тура келеді. Қорамызда малымыз жоқ, алайда, ит пен мысық секілді үй жануарлары осы қақұрттан өліп жатыр. Соған қарағанда, төрт түлік түлетіп отырған шаруалардың жайы тіптен қиын-ау деп ойлаймын. Сондықтан жауапты мамандар мәселені тез арада шешуге атсалысса екен"дейді ол.

Айта кетейік, қарақұрт жыланнан да қауіпті жәндік болып саналады. Ол адам не жануарды шаққан кезде 10 минут ішінде зиянын тигізіп үлгеруі, тіпті, өлтіруі де мүмкін.

Мөлдір Мадиярова, 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Журналистика және ақпарат» мамандығының 3-курс студенті 

Фото: автор