Көпбалалы ана үш айда жұмысқа орналасты

Фатима Асқарова - Жылыой ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қадам» жобасының қатысушысы, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жасында тұрмысқа шығып, 5 баланы дүниеге әкелген 27 жастағы келіншек жоба басталған 3 айдың ішінде жұмысқа орналасып үлгерді.

- Құлсарыда әйелдерге қолдау көрсететін жобаның басталғанын естіген бойда өтінім жіберіп, іріктеуден өттім. Өзім ұнататын «Бет әрлеуші» мамандығы бойынша курстан өтіп, қазіргі кезде қалада жаңадан ашылған сән салонына жұмысқа орналастым. Бұл жерде тренерлердің, әсіресе, психологтың көмегі көп тиді. Психологпен жүргізілген үш тренингтен соң жұмысқа шығу деген қорқынышымды жеңіп, өзімді қолға алдым. Жоспар жасап, мақсатқа жету үшін жұмыстанудың маңыздылығын түсіндім. Өте қуаныштымын, - дейді Фатима.

«Қадам» – ТШО компаниясының қолдауымен Жылыой ауданында өткізіліп жатқан әлеуметтік жоба. Негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топтағы әйелдердің жаңа мамандықтарды игеріп, өздерін дамытуға қолдау беруге бағытталған. Көп балалы, жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 500-дей әйелден өтінім түссе, оның елуі биыл жыл соңына дейін тігіншілік, аспаздық, визажист, шаш сәндеуші және маникюр мамандықтарын игеріп шықпақ. Қатысушыларға одан бөлек, кәсіп бастауға арналған мотивациялық, психологиялық тренингтер және компьютерлік сауаттылық, СММ курстары өткізіледі.