Атыраулық әйелдер - үнемі іс басында

Қазақ қашан да қыз баланың тәрбиесіне басым мән берген. Өйткені қызды тәрбиелеу дегеніміз –тұтас ұлтты тәрбиелеу. Ұлттың болашағы кемел болсын десек, әрбір отбасындағы түтін түзу ұшқаны жөн-ақ. Бұл бағытта қоғамда нақты қандай жұмыстар қолға алынуы керек?

Осы және өзге де сауалдар аясында Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия отырысында жан-жақты айтылды.

Жиынға «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Әдиева, Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия төрағасының орынбасары Айгүл Әжіғалиева мен комиссия мүшелері қатысты.

Аталған отырыста ерте жастағы жүктіліктің алдын-алу, аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі мәселелер талқыланды. Жиында белгілі болғанындай, облыста 149 766 босану жасындағы әйелдер болса, оның 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер саны 16 255-ті құрайды. Жасөспірімдер арасындағы жүктілік көрсеткіші 1000 жасөспірімге шаққанда 4,87 пайыз болды. Олардың 0,49 пайызы түсік жасатса, 3,88 пайызы жүктілігі босанумен аяқталған. Мұндай мәселелердің алдын алу үшін жүйелі жүргізілетін жұмыстарды әлі де жан-жақты арттыру қажет.

Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның «Отбасы және адамгершілік даму» секторының жоспарына сәйкес, Атырау қаласының жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, қаладағы жалпы білім беретін орта мектептерде «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында кездесу сағаттары жоспарланып, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті.

Тақырып сектор жоспарына енгізіліп, кездесу сағаттары қала мектептерінен бастау алып, қалалық, аудандық комиссиялардың жұмысымен жалғасады. Колледждер мен жоғары оқу орындары да назардан тыс қалмай, қамтылатын болады. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірім қыздардың денсаулығын жақсарту туралы ақыл-кеңестер беру. Сонымен қатар ерте жүктіліктің алдын алу, болашақ аналардың балалы болуы туралы арнайы мамандармен кездесу ұйымдастырылады.

Айта кету керек, комиссия төрағасының орынбасары Айгүл Теміртасқызы комиссия мүшелеріне атқарылған жұмыстардың санынан бұрын сапасына басты назар аудару қажеттігін де атап айтты.

"atr.kz"