Атыраулықтар татарстандық әріптестермен бірлесіп жұмыс жасауға дайын

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қазан қаласында Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен кездесті. Атырау облысынан барған делегацияның жұмыс сапары аясындағы жүздесу аймақаралық әріптестікті нығайту, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуды көздейді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. Кездесуде сөз алған Серік Шәпкенов жылы қабылдауға ризашылығын білдіріп, мұнай-химия саласындағы ықпалдастықтың маңызына баса назар аударды.

“Атырау — Қазақстанның мұнайлы астанасы, ал Татарстанның бұл салада тәжірибесі мол. Сіздерде жолға қойылған технологиялар мен тәжірибелерді жоғары бағалаймыз. Бізге мұнай-химия кешенін дамытуды жеделдету қажет, бұл процесте тиімділігі дәлелденген сәтті әдіс-тәсілдерді негізге алу маңызды стратегиялық қадам болмақ. Біз озат тәжірибелерді зерделеп, оны өз өңірімізде енгізуге мүдделіміз”,- деді облыс әкімі.

Тараптар экономикалық және өнеркәсіптік серіктестіктің перспективалары жайында әңгімелесіп, заманауи технологияларды енгізудегі тәжірибемен алмасты, сондай-ақ энергетика, мұнай-химия, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, IT, басқа да стратегиялық бағыттар бойынша әріпстестіктің мүмкіндіктері жайында да сөйлесті.

Татарстан Раисы Рустам Минниханов біріге жұмыс жасаудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

“Мемлекет басшылары Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық деңгейдегі серіктестікті белсенді қолдап келеді. Біз арадағы туыстық қарым-қатынасты бағалаймыз. Қазақстан — Татарстанның шетелдік жетекші серіктестерінің бірі”.

Кездесуде индустриялық аймақты дамыту, инвестициялық тартымдылық, сондай-ақ қалалар мен ауылдарда жайлы орта құруға қатысты сұрақтарға да баса мән берілді.

Атырау облысының делегациясы Татарстан Раисының бастамасымен жасалған екі күндік сапарда бірқатар өнеркәсіптік нысанда болып, мұнай-химия, IT-индустрия және білім беру мекемелерінің тынысымен танысты.

Келіссөздер нәтижесінде Атырау облысының экономикалық дамуына бағытталған біріккен жобаларды іске асыру көзделген.

Сәуле МАҒАУ