Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлік филиалдармен бейнебайланыс арқылы өткен жиналыста Елбасы туралы айтты деп хабарлайды ATPress.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында партия төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, қазір Тұңғыш Президентіміз туралы небір пікір айтушылар көбейген. «Тарих безбеніне салсақ, кез келген оқиғаның, не тұлғаның роліне бірыңғай оң не болмаса тек қана теріс деп баға беруге болмайды» деген партия төрағасының бірінші орынбасары Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік туралы да қарама-қайшы пікірлер көп екенін, бірақ, ол замануи түрік мемлекетінің негізін қалаушы тарихи тұлға болып қала берметінін атады.
"Өткенге баға беру әркімнің қолынан келеді, бірақ ақиқат пен жалғанды ажырату әркімнің өз ар-ұятына байланысты. Ең қиын кезеңде, яғни біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген сонау алмағайып 90-жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, етек-жеңін жиды. Төңірегімен терезесі теңесті. Жалпы әлемдік қауымдастық мойындады. Елбасы мен сол кездегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт тарихында өз оң бағасын алары сөзсіз. Ал осы жылдары кетеуі кеткен дүниені тезірек түзеуіміз керек. Ол - сөзсіз. Президент жариялаған реформалардың да мәні – осы. Бірақ, Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау – елдігімізге, азаматтығымызға сын» деді ол.
Бауыржан Байбек партия атына айтылып жатқан сындарға да жауап берді.