Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жартыжылдық жұмысын қорытындылаған басқарма басшысы Әбіл Жоламанов айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Бүгінде бес ауылдық елдімекенде мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Оның төртеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтермек. Атап айтсам, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жылыой ауданы Тұрғызба, Майкөмген және Шоқпартоғай ауылдарында жергілікті және республикалық бюджеттен 200 орындық мәдениет үйі салынуда. Ал, Құрманғазы ауданы Азғыр ауылында 100 және Бөкейханда 300 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы уақытша тоқтап тұр. Олардың жобалық-сметалық құжаттарына түзетулер енгізілуде. Жалпы, мәдени мұрамыз бен құндылықтарымызды қастерлеуге бағытталған жұмыстардың жауапкершілігі зор екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында да айтқан болатын- деді Ә.Тауфикұлы.
Сондай-ақ, сегіз мәдениет үйінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Нақтылай кетсек, бұлар – Жылыой ауданы Ақкиізтоғай, Махамбет ауданы Сарытоғай ауылдарында 200, Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылында 400, Құрманғазы ауданы Бірлік және Көптоғай ауылдық окрутерінде, Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында, Жылыой ауданы Жаңа Қаратон кентінде, Исатай ауданы Нарын ауылында 300 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы.
Айта кетейік, биыл наурызда Құрманғазы ауданы Хиуаз ауылында 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілген болатын. Ал, Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылындағы осындай су жаңа нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суретті түсірген – автор