Аспан астындағы кино – Атырауда

Атырау қаласы әкімдігі ғимаратының қасында Жайық жағалауындағы Жастар саябағында ашық аспан астында кино көрсетілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат бос уақыт өткізу емес, тарихи-танымдық, адамгершілік пен сүйіспеншілік тақырыбындағы фильмдер арқылы жастарды құнды қасиеттерге баулу, отансүйгіштікке шақыру. Бір ай ішінде отандық кино әлемінде жарыққа шыққан отбасылық және ұлттық құндылықтар мен қоғам тұтастығын насихаттайтын танымал фильмдер көпшілік назарына ұсынылып үлгерген.

"Қазір кинокөрсетілімдер өскелең ұрпақ үшін нағыз тәрбие құралы деуге болады. Қандай да бір жағымды ой қалыптастыра алсақ – мақсаттың орындалғаны. Кино тұрғындарға ерекше демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтынына сенімдіміз. Сондықтан қала халқын отбасыларыңызбен бірге табиғат аясындағы тегін кинотеатрға тамашалауға шақырамыз" дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, кешкі сағат 21:30-да 30 маусымда "Время патриотов",  1 шілдеде "Земля будущего" және 2 шілде күні "Где мое кольцо?" фильмдері көрсетілетін болады. Кіру – тегін!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ