Бүгін Атырауда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нартай Сәрсенғалиев ана мен бала денсаулығына қатысты баяндама жасады.денс
– Тұздық қылып алған тақырыптың салмағы зіл батпан екенін сіз де, бізде біліп отырмыз, - деді ол. – Себебі, адамның өмірінен артық құндылық жоқ, болған да емес. Оның ішінде ана мен баланың көрер жарығын сөндіріп алмау үшін оны қос қолдап қалқалап бағатынымыз жазылмаған қағида. Әрине, замана дөңгелегі алға айналған сайын ғылым дамып, техниканың адамзат естіп-білмеген түрлері жарыққа шығуда. Оның ішінде адамды ажалдан арашалап қалатындарын көргенде көбіміздің кеудемізде үміт оты жанары хақ. Себебі ай сайын Қазақстанның қайсібір өңірінде босану үстінде ана көз жұмды, сәби шетінеп кетті деген ақпараттар толассыз таралады. Бұ дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар жетіп артылады. Бұл өкінішті. Жіліктеп берейін қолда бар ресми деректі.
Соңғы 6 жылды алғанның өзінде ақпараттың артында қанша қазаның жатқанын тап басып тану қиын емес. 2019 жылы Қазақстанда 3360 сәби шетінеп кеткен, 2020 жылы 3286 бөпе бақилық болған, 2021 жылы 3732 сәби қара жердің қойнына тапсырылған, 2022 жылы 3154 сәби көз жұмған, 2023 жылы 2998 сәби шетінеген, 2024 жылы 2598 бөпені құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шыққан. Әрине, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Сорақысы сол, ресми дерекке сүйенсек 5 облыста сәби өлімі көбейген, олар: Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары. Онлайн байланыста отырған аталған облыстардың басшылық құрамы бұл сорақылықтың себебін түсіндіріп беруі тиіс.
Кейде көпшілік перзентханалар мен дәрігерлерді айыптап жатады, тірі барған аяғы ауыр әйелді табытпен қайтарғандар жауап берсін деп талап етеді. Талап орынды, талайдың басынан өткен қайғы бұл. Алысқа барып қайтеміз, біз бүгін келген еліміздің батысында да осындай оқиғалар орын алды. Кейде ел «перзентханада дәрігерге сыйақы бермесең толғақ қысып жаның көзіңе көрінгенде көз қырын салмайды» деп шағымданады. Мұндай шағымдарды естімегендей елең-алаң болудың қажеті жоқ. Осында отырғандардың бәрі естіп-білген шағым бұл. Барлық ақ халатты абзал жандарды айыптауда ағаттық, дегенмен саладағы солқылдақтықты жою міндет. Себебі дәрігер қателігінің өтеуі адамның өмірі. Ісіне салғырт қараған кей адамның кесірінен өмірін медицинаға арнаған мыңдаған білікті маманның атына кір келеді.
Бала өлімі туралы айтылғанда 2008 жылы Қазақстанда ДДҰ ұсынған тірі туу критерийлері енгізілгенін, нәтижесінде елімізде дене салмағы 500 грамнан басталатын және жүктіліктің 22 аптасындағы гестация мерзімі бар балаларды аман алып қалу тәжірибе жүзеге асып жатқанын тілге тиек ету керек. Мәселен 2024 жылы салмағы 500 граммнан 1 келіге дейінгі 1281 сәби туылса соның 657-і аман қалды. Бұл жетістік.
Келесі өзекті мәселе ана өлімі. Ресми сандарға қарасаң санаң сан саққа жүгіреді. 2019 жылы Қазақстанда 55 ана босану кезінде көз жұмған, 2020 жылы сәбиін дүниеге әкелемін деген 156 ана бақилық болған, 2021 жылы 200 ана босану кезінде көз жұмған, 2022 жылы 70 ана бақилық болған, 2023 жылы 45 ана, 2024 жылы 37 ана босану үстінде жан тапсырған. Соңғы 6 жылдың дерегін салыстырсақ Қазақстанның 10 облысында ана өлімі көбейген. Бұл бас шұлғып отыратын проблема емес, дереу шешімді талап ететін мәселе. Ол үшін не істеліп жатыр деген сұрақтың жауабын қазір жауапты азаматтар береді деген ойдамын. Ана өлімі ең көп облыстар: Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстары. Мұның бәрі ресми мәлімет екенін естеріне саламын, салаға жауапты ведомства мен аты аталған облыс әкімдіктеріне.
2024 жылдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54% қалада, 46% ауылда тұратыны белгілі болды. Бір қорқынышты тенденция бар, 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көбейген, салдарынан 97 бала тірі жетім боп қалды.
Жас санаттары бойынша бөлсем, сәби сүйемін деп барып көз жұмған аналардың 28%-і 35-39 жас аралығында әйелдер екен.
Қайтыс болған жері бойынша қарасақ, аналардың 38%-ы облыстық перинаталдық орталықтарда, 24%-ы көп бейінді стационарлар деңгейінде бақилық болған.
Ана мен бала өлімі туралы сөйлегенде тақырыптың тағы бір қырын айтпай кетуге болмайды, бұл ана денсаулығы және жауапкершілік.
Жыл сайын 350 мыңға жуық әйел жүктілік бойынша есепке алынады екен, оның ішінде жүкті әйелдердің 99% - ы Медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Демек жыл сайын 3500 жүкті әйел дәрігерлердің бақылауынан тыс қалады. Бұл өте қауіпті құбылыс.
Жауапкершілік деген сөзді басында бекер айтқаным жоқ, болашақ аналарда қаперге алса деймін, себебі елімізде жүктілік бойынша ерте 12 аптаға дейінгі есепке аяғы ауыр азаматшалардың 92%-ы ғана тұрған. Ресми дерекке қарасаң аналар айыпты ма деген ой қылаң беруі мүмкін, бірақ мен жатырына жан біткен жандарды айыптаудан аулақ болуға шақырамын. Себебі бұл жерде ақпараттық түсіндіру жұмыстарының шау тартып қалғанын да, аналар тұрғылық жерін ауыстырса жүктілігі бойынша тіркеуге тұрудың мұң болатынын да қаперге алу қажет. Осы жағдайларды да жіпке тізіп жедел шешудің қарекеттерін қылу керек.
Тағы бір тың дерек, жыл сайын шамамен 370 мың ана босанса соның 21% - ы кесарь тілігі арқылы жасалады. Бұл өз кезегінде ананың денсаулығына кері әсер ететініні анық. Бұл мәселені текке тілге тиек етпедім, біздің атымызға үшбу хаттар келеді, сол жерде «кесар тілігін жасағаны үшін медициналық мекемеге қомақты қаржы беріледі, сондықтан дәрігерлер кесарға келісім сұрайды» дейді. Бұл айыптаудың артында ақиқат бар ма? Бүгін бұл сұрақтың да жауабын беру керек уәкілетті органдар.
Болашақ аналардың денсаулығы туралы ресми деректі айтайын.
Қазір Қазақстанда ауру бойынша диспансерлік есепте тұрған әйелдер саны шамамен 3 млн., бұл диспансерлік есепте тұрған ересек халықтың 63 %.
Мәселен, жыл сайын тек қант диабетімен ауыратын 4000-ға жуық жүкті әйел тіркеледі.
Енді ана мен баланың қажеттілігін қамтамассыз ету бағытындағы кем кетіктерді жіпке тізейін.
Біріншіден, еліміздегі перзентхана төсектерінің жалпы саны 9 296 құрайды, оның 57% - ы қалада. Тапшылықта жоқ емес, Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек тапшы.
Екіншіден, маман тапшы. Елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, тағы 389 маман керек. Босандыру ұйымдарында тек 1 679 акушер – гинеколог жұмыс істейді, оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін тек 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады. Бұл саладағы талай мәселенің бетін ашатын ақпараттар.
Үшіншіден, еліміздегі кей перзентханалар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді, инфрақұрылымы нашар, ғимарат әбден тозған. Мәселен орталықтандырылған оттегі жеткізгіші, Сығылған ауа және сору вакуумы, қабылдау бөлімдері жоқ.
Төртінші проблема, 3-деңгейдегі босандыру ұйымдарында экспресс бак жоқ. Флора мен антибиотиктерге сезімталдықты уақтылы анықтауға арналған зертханалар жоқ.
Бесінші мәселе, облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде және аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттар жоқ.
Алтыншы проблема, медициналық жабдықтардың тозуы және медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы. Мысалы бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттары жоқ.
Баяндамамды тағы бір маңызды проблемамен түйіндейін, ол жасөспірім қыздардың жүктілігі мен түсік тастауы.
2020-2024 жылдары Қазақстанда кәмелет жасына толмаған 11 567 қыздың аяғы ауыр екені анықталды. (2020ж – 2834, 2021ж – 2766, 2022ж. – 2643, 2023ж-2288, 2024 -2136).
Әріге бармайын, 2024 жылдың өзінде мектеп жасындағы 2136 қыз жүкті болып қалған.
2020-2024 жылдары жүктілігі анықталған кәмелетке толмаған қыздардың 8378-і босанған. (2020 ж. – 1882, 2021ж. – 1852, 2022ж.– 1690, 2023ж. - 1508, 2024 -1446).
1 948-і түсік жасатқан. (2020ж. – 385, 2021ж. – 413, 2022 ж.- 403, 2023ж. - 392, 2024 -355).
Бұл сұмдық статистика, айыпты кім деген сұрақтың жауабын айналадан болмаса айдаладан іздемей, жауапты бүгін осы отырыста табу қажет. Себебі уәкілетті ведомстваның бәрі онлайн және оффллайн режимде қатысып отыр. Бұл жерде тағы бір қатер бар, кәмелетке толмаған қыздар жасанды түсікті жеке клиникаларда жасатады. Оның ресми есебі жүргізілмейді. Екінші проблема, жүктілікті алғашқы апталарды үзуге арналған препараттар дәріханаларда рецептісіз сатылады. Қолжетімді. Осылайша кәмелетке толмаған қыздардың денсаулығына орасан зиян келеді. Бұл мәселе де дереу шешімін қажет етеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ