Атыраудағы "Infinity Mall"-да не боп жатыр?

Атыраудағы сауда орталығында құзырлы органдардың бірлесуімен оқу-жаттығу шарасы өткізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

24 ақпан күні Атырау қаласында Төтенше жағдайлар департаменті мен басқа да құзырлы органдардың бірлесуімен ойын-сауық мекемесінде төтенше жағдайларға дайындық бойынша оқу-жаттығу шарасы өткізілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінен білгеніміздей, бұл дайындықтың мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде бірлескен әрекеттерді пысықтап, мекемедегі қауіпсіздікті арттыру.

- Сценарий бойынша Қ. Сәтпаев көшесінде орналасқан сауда орталығының екінші қабатында өрт шықты. Зардап шеккен екі адам құтқарылды. Департаменттен 17 техника, 70 жеке құрам қызмет етуде. Сондай-ақ полиция, жедел жәрдем қызметкерлері де бірлесіп осы оқу-жаттығуда жұмыс атқарудамыз,- деді Атырау облысы ТЖД бастығының бірінші орынбасары Назарали Селимов.

Оқу-жаттығу аясында қатысушыларға өрт, эвакуация, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру және басқа да төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету бойынша арнайы сценарийлер ұсынылды. Құзырлы органдардың мамандары мен мекеме қызметкерлері арасындағы бірлескен жұмыстарды нығайту үшін әртүрлі жағдайлар назарға алынды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ