Атырауда бес жасар қыздан жын шығарған емшінің видеосы тарады
Әлеуметтік желілерде Атырауда өзін емші деп таныстырған ер адамның бүлдіршін қыздан жын шығару рәсімін жасағаны көрсетілген бейнеролик тарады. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл бейнежазбаға Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева назар аударды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Tengrinews.kz жазғандай, бейнероликте еденде жылап жатқан қызды екі ер адам ұстап тұрғаны және олардың бірі қызға сұрақтар қойғаны түсірілген. Видео жазбада тоғыз жастағы қызға Ляззат есімді 19 жастағы қыздың рухы енгені айтылған. Қазнетте жарияланған роликке қазақстандықтар наразылық білдірді.
"Қорқынышты, бұл орта ғасыр ма? Қандай жын шығару? Қандай рәсім? Бейшара қыз, жылап жатыр", "Бұл не? Қыз өмір бойына жарақат алатын болды", - деп пікір қалдырды адамдар.
Бұл мәселеге қатысты біз де Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының пікірін білген едік.
"2009 жылдары Атырау қаласының орталық мешітінде Кейқуат Оспанов бір-екі айкүзетшілік қызмет жасаған. ҚМДБ-ға ешбір қатысы жоқ" дейді ол.
Ал, бес жасапр бүлдіршіннің анасы қызын өз қолымен емшіге апарып, сауығып шыққанын айтады.
"Қызымның жасы бесте. Кейқуат ағамыз Құран сүрелерін оқып қызымды дертінен айықтырып берді. Біз барғанда кезекте 200 шақты адам болды. Қаншама адамның ішінен жын шығарылды. Меніңше, мұндай емшілер қоғамға өте қажет. Жын әлемін жоққа шығаруға болмайды ғой, бұл туралы қасиетті Құран кітабында да жазылған" дейді ол.
Сондай-ақ, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да Instagram-парақшасында видеоға қатысты өз пікірін білдірді.
"Бұл оқиға бойынша ІІМ, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Алдын ала емшінің кім екенін және баланың қайда екенін анықтадық. Ақпарат тексеріліп, барлық жағдай анықталып жатыр", – деп жазды ол.
Атырау облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сарсембаева "Ақ Жайық" газетіне берген сұхбатында қыздың Алматы қаласында тұратынын, сондықтан бұл іс Алматы облысындағы уәкілдің қарауында екенін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта емшінің Атырау облысында тұратыны белгілі, бірақ ол ел аумағында гастрольдік сапарлармен қызмет көрсетеді", – деп қосты ол.
Құқық қорғау органдары емшімен әңгіме өткізгені белгілі. Алайда ол қыздың есімі мен тегін есіне түсіре алмады, өйткені ол оның көптеген "науқастарының" бірі ғана болған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ