Атырау қаласында 63 мыңнан астам ағашты түгендеу және паспорттау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл жұмыстар Атырау қаласында алғаш рет жүзеге асуда. Шаһардағы әрбір ағашты паспорттау - жасыл қорды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Қаланы 2019 жылдан бері жасылдандырумен айналысатын «Каспийдормостострой» ЖШС ағаштарды паспорттауда. Естеріңізге сала кетейік, бұл серіктестік биыл 5-ші жыл қатарынан ағашпен қатар, гүл, газон егумен және оны күтіп-баптаумен айналысып келеді. Қазір олар ағаштардың есебін жүргізіп, жай-күйін бақылап және деректерді жүйелеп жатыр. Ал жинақталған деректерді алдағы уақытта цифрландырмақ.
«Төлқұжатта әр ағаш туралы ақпарат болады. Мәселен, оның түрі, жасы, биіктігі, қай жерде тұрғаны, қандай аурумен ауырғаны, сондай-ақ күтімі және оны сақтап қалу үшін қандай әрекеттер жасалғаны жайлы ақпарат енгізіледі. Тал-дарақтарға нөмір және штрих-код беріледі. Ағаштарды паспорттау жасыл желектерді тиімдірек басқаруға, оларды сақтау және қалалық инфрақұрылымды дамытуда ұтымды пайдалану бойынша қажетті іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Қысқаша айтқанда, қалада егілген ағаштарды бағалау және есептеу мақсатында жасалады», - деп жауап берді «Каспийдормостострой» ЖШС-нің баспасөз қызметі.
Кез-келген қалаға дендрологиялық жоспар қажет. Мамандардың айтуынша, Атырауда мұндай жоспар мүлдем болмаған. Бұл – қаланы дамытудың бас жоспары іспеттес. Яғни, барлық көгалдандыру бағдарламалары әрдайым ретсіз, топырақ пен қоршаған орта жағдайлары зерттелмей жүргізіліп келді. Соның салдарынан артық шығынға ұшырады. Мысалы, Атыраудың кей жерлерін топырақ сапасына байланысты жасылдандыру мүмкін емес немесе қаражатты көп қажет етеді. Осындай жағдайларды болдырмас үшін дендрологиялық жоспар керек. Ал ағаштардың төлқұжаты - оның негізгі бөлігінің бірі саналады.
Әр ағаш паспортталған соң, ағаштарды егуге және кесуге рұқсат алу процесі автоматтандырылады.
Айта кетейік, «Каспийдормостострой» ЖШС-нің бесжылдық даму жоспарына дейін 2019 жылдың басында қала аумағында 39 мың 865 ағаш есепке алынған. Ал бүгінгі күні олардың саны 63 мың 144-ке жетті. Биыл жыл соңына дейін жасыл желек саны 68 мыңнан асады деп күтілуде.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА