Ауданымыздың Қиғаш бойындағы тұрғындар негізінен балықшылықты кәсіп етеді. Бұл аудан экономикасының бір ірі саласы.
Бүгін, Орталық сайлау комиссиясы мүшелері қолын қойған хаттамамен сайлауда 81,31% дауыспен жеңіске жетіп, 26 қараша күні ұлықтау шарасы өткелі отырған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдарламасында балық шаруашылығын дамыту және су нысандарының экожүйесін қорғау жөніндегі шаралар алынатыны айтылған. Бұл көк теңіздің үстінде, желдің өтінде жүріп ел игілігін еселеген ақ айдынның ерлеріне жасалар қолдау. Осыған қоса, 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады, елді мекендердің 100%-ы сумен жабдықтау жүйесімен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Сол сияқты сайлау жеңімпазының бағдарламасында айтылғандай, 22 мың шақырым жол салынады және жөнделеді. Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында жұмыс жасағандықтан, жолдың мәселелері маған жақсы таныс болғандықтан соңғы кездегі ертеңі бітпейтін созбалықтан арылып, сең қозғалатынына сенімдімін. Енді, «Баяғы жартас, сол жартас» болып қалмасы анық. Себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы үміткер ретінде Атырау қаласына келген сапарында да жол салуды бақылауда ұстайтынын жеткізді. Атырау-Астрахань бағытында салынып жатырған жолдың жыр болған хикаясы тәмамдалып, нүктесі қойылып ел игілігіне беріледі деген үміттемін.
Таңатар Дәрелұлы,
«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы