Атырауда жантүршігерлік видео тарады...
Үй жануарларының қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының бейнежазбасы көпшілікті бей-жай қалдырмады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атыраулық полицейлер бұл бағытта алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Мұндай оқыс оқиғалар көбінесе түнгі уақытта орын алады. Себебі, қараңғыда жүргізушілер өзіне қарсы келе жатқан көліктің алысқа арналған жарығына көздері шағылысып, жол үстінен өткен малға соқтығысып жатады. Бұл ретте, жүргізуші мал айдауға рұқсат беретін жол белгісі аумағында (мал айдаушы бақташы болған кезде) үй жануарын қақса, онда кінә жүргізушіге артылады. Ал, аталған жол белгісінен тыс жерде (мал айдаушы болмаса) жауапкершілік мал иесінің мойнында болады.
Егер жол-көлік оқиғасына көлік жүргізуші кінәлі деп танылса, ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, іс әкімшілік сотқа жолданады. Ал, мал иесі кінәлі болса, ҚР ӘҚБтК - нің 408-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бүлінген автокөліктің материалдық шығынын түгел өтейді.
Сонымен қатар, мал иесі тасжол жиегіне өз иелігіндегі жануарды жайылымға бақылаусыз жіберген жағдайда ӘҚБтК-нің 408-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Үй жануарларының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алғанда ең бірінші үй жануарының иесіне және көлік құралына материалдық шығын әкелетіні айдан анық. Сондықтан мал иелері жануарлардың мойнына арнайы жарық қайтарғыш элементтерді тағуы – жол-көлік оқиғаларының алдын алмақ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ