Атырауда судьялар сынға түсті (+ВИДЕО)

11-12 мамыр аралығында Атырау қаласындағы «Жайық» мәдени-спорт кешенінде судьялар арасында дәстүрлі өңірлік Х спартакиада өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Онда батыс өңірдің бес облысынан 200-ге жуық спортшы-судья бақ сынады. Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен білгеніміздей, жарысқа Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Атырау облыстық соттарының командалары қатысты. Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов, облыстың мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысты. Сондай-ақ Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Айдар Смағұлов, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Рүстем Мырзакәрім, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Әметов, Қызылорда облыстық сотының төрағасы Әділхади Шығамбаев, осы соттардың алқа төрағалары мен судьялары қатысты.

Спартакиаданың ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі С.Шәпкенов және Атырау облыстық сотының төрағасы Б.Жұмағұлов іс-шараның дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталғанын атап өтіп, Судьялар одағының филиалына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, қатысушыларға ойында тек сәттілік пен жоғары нәтижелер тіледі. Әрі қарай жарыс қонақтары мен қатысушылары үшін концерттік бағдарлама ұсынылды. Спорттық іс-шаралар судьялар мен сот қызметкерлерінің қолдауымен өте қызықты өтті.

Екі күндік жарыстың нәтижесі бойынша шағын футбол, волейбол, арқан тарту, бильярд, үлкен теннис, үстел теннисі, шахмат және дойбы бойынша чемпионаттардың жалпы командалық сынағының жеңімпаздары анықталды. Жалпы командалық есеп бойынша Ақтөбе 1, Маңғыстау 2, Қызылорда командасы 3-орындарды иеленді. Жеңімпаздарға ҚР Судьялар одағының медальдары мен дипломдары табысталды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ