Бүгін, 7 тамыз күні сағат 14:00 шамасында Атырау қаласы, Оңтүстік өндірістік аймақ мекен-жайы бойынша өрт шыққаны белгілі болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Тілсіз жау ЖЭО аумағындағы аула ішінен тұтанған. Анықталғандай, бір қабатты ғимараттың төбесі отқа оранған. Бұл туралы хабарлама облыстық ТЖД бөліміне түсті.
"Қазір департамент қызметкерлері оқиға орнында жүр. Барлығы 6 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылған" делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 31 шілде-6 тамыз аралығында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты бөлімшелердің күшімен 58 рет төтенше жағдайларды жоюға және адамдарды құтқару шығулар тіркелді. Олардың ішінде, өртке 6, өртке жанбайтын жануларға 34, авариялық құтқару жұмыстарына 4, іздестіру жұмыстарына 8 рет шықты. Бұл ретте 9 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды, оның үшеуі – бала.
"Өткен аптамен салыстырғанда шығу саны 87% - ға өсуі байқалып отыр. Апта ішінде іс-қимыл алгоритіміне сәйкес СМС-хабарламалар мен Дармен қосымшасының құралдары бойынша 7 рет дауылды ескертулер жіберілді. Естеріңізге сала кетейін, өткен апта ішінде облыстың барлық аумағында жоғары өрт қаупі сақталды. Ашық от көздеріне абай болу қажет. Сонымен қатар, ыстық ауа-райының белгіленуіне байланысты адамдардың суға бату жағдайлары жиілеп кетті, апта ішінде 1 адам суға батып кетті, ал 13 маусымда жоғалған баланы іздеу жұмыстары бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Тек қана сіздің жеке қатысуыңызбен және арнайы жабдықталған жерлерде шомылуға рұқсат етіңіз!" дейді облыстық ТЖД мамандары.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ