Атырауда дүкен өртенді (+ВИДЕО)

Атыраулық полицейлер өрт шыққан көпқабатты үйдің тұрғындарын эвакуациялады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

18 ақпан күні сағат таңғы 5:00 шамасында Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының жаяу патрульдеу бекетінің қызметкерлері полиция аға лейтенанты Әлібек Амандық пен Асылхан Бегимов әкімшілік аумақты қадағалау кезінде көпқабатты үйде орналасқан дүкен ішінен түтін шығып жатқандығын байқаған. Департаменттің баспасөз қызметінен білгеніміздей, аталған факті бойынша тәртіп сақшылары жедел басқару орталығына дереу радиоқабылдағыш арқылы баяндап “101” арнасына хабарлама берген. Мекен-жайға дереу жетіп 1-3 қабаты аралығында тұратын пәтер тұрғындарын оятып, қауіпсіз жерге шығарған. Нәтижесінде зардап шеккендер болған жоқ.

- Әкімшілік аумақты жаяу патрульдеу кезінде дүкен ішінен өрт шығып жатқанын байқадық. Дереу аға кезеңдегі рота командиріміз Дәурен Шоқпутов пен взвод командирі Сүйінішбек Тасимовке хабарлап, оқиға орнына жедел жетіп, барлығымыз тұрғындарды оятып эвакуацияладық. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Бастысы барлық тұрғындар аман, зардап шеккен жоқ. Қою түтінді көрген бойда көмектің қажет екенін сезіп, тек құтқаруға кірістік, себебі өрт күшейсе кеш болатын еді - деді, полиция аға лейтенанты Әлібек Амандық.