Атырауда қарақұрт шаққан 112 малдың 16-сы өлген... (+ВИДЕО)
Ауа райының аптап ыстық болуына және құрғақшылыққа байланысты Индер ауданында улы жәндіктер көбейіп, төрт түлік, соның ішінде түйелерді қарақұрт шағу деректері тіркелуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудандық ветеринариялық стансаның мәліметінше, 19 маусымдағы жағдай бойынша барлығы 112 малды (Оның 108-і – түйе малы. Авт.) қарақұрт шаққаны анықталып отыр. Өкінішке орай, олардың 16-сы өлген. Атап айтқанда, Елтайда 8, Есболда 25, Бөденеде 11, Жарсуатта 4, Көктоғайда 54 түйе мен 2 жылқы, Өрлікте 6 түйе және Индерде жылқы мен сиыр тіркелді. Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнежазбалар мен фотосуреттер тұрғындарды толғандыруда.
Аталған станса қызметкерлері шаруа қожалықтарының иелеріне түсініктеме жұмыстарын жүргізіп, қарақұрт шаққан малдарға антибиотик пен ем-дом шараларын жүргізуде. Осы орайда, қаражат мал иелерінің есебінен төленеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ