Қазақстан Ауғанстанға экспорттайтын тауарлардың тізбесін кеңейтпек. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Ауғанстанның тәуелсіз, бейтарап, біртұтас, бейбіт, демократиялық және гүлденген мемлекет ретінде қалыптасуын жақтайтынын тағы да растағым келеді. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтауға мүдделіміз. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы іс жүзінде 1 млрд АҚШ доллары (987,9 млн. АҚШ долл.) белгісіне жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерден екі есе артты. Тауар айналымының 90% қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі», - деді С. Жұманғарин.
Оның айтуынша, елдер арасындағы сауда биылғы 6 айда 343,6 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан экспорты 334,5 млн долларға жетті.
«Қазақстан үшін Ауғанстан ұн экспортының жалпы көлемінің 70%-ын құрайтын басым ұн нарығы саналады. Қазіргі кезде біз экспорт тауарларын әртараптандыру үрдісін көріп отырмыз. Біздің есептеулерімізге қарағанда, Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, металлургия, машина жасау салаларының тауарлары бойынша 500 млн АҚШ доллары сомасына жеткізудің экспорттық әлеуетіне ие», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтастық дамып келеді. 2005 жылдан бастап Ауғанстаннан Қазақстан экономикасына инвестициялар ағынының жалпы көлемі шамамен 11,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындардың саны сауда саласында 52-ге жетті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 1 тамыз күні Астанаға Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған 210 адамнан тұратын бизнес-делегация келді.