Атырауда ақындар айтысы өтті

Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен, Қызылқоға ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жастар жырлайды...» облыстық жас ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Сүбелі сөз өнерімен сусындататын жыр додасына 11 жас ақын қатысты. Облыстағы жастардың моральдік ахуалын жөнге келтіріп, кейінгі буын өкілдеріне бір-біріне деген құрмет пен сыйластығын білдіру, қара өлеңнің құдыретін арттыратын азаматтар мен айтыстағы жаңа есімдерді табу мақсатында өткен дода жеребе арқылы қарсыласын тану бойынша ерекшеленді.

Бағы мен бабы келіскен ақындарға айтыстың ардагері  Жайғали Өтеуғали, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, айтыстың ардагері Ғани Мүтиғолла, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, «Асыл домбыра» иегері Шынарбек Қабиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын  Дидар Қамиев, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Саадат Нұрманов, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, журналист Серікбол Панабердиевтер төрелік етті.

Аузымен құс тістеген кіл жүйріктер жыр жүйрігі атанған жалынды ақын Зәкария Сағындықұлын, Тобанияз Әлниязұлы, Құныскерей Қожахметұлы, Әзен ана секілді ақтаңдақтар мен мәдениет пен өнер саласындағы ұйымдастырушылық қабілет, татулық пен бірлік, ауданның тарих таразысындағы жеткен жетістіктерін айтып, бірінен бірі озды.

Аудан жұртшылығын жырмен сусындатқан айтыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Қанат Әзмұханов қатысып, «Бабамыздан қалған ұлы мұра – айтыс өнерін дәріптеудегі ауқымды шараның ежелден өнер қонған, ұлттық өнердің біртуар тұлғалары дүниеге келген - Қызылқоға ауданында халықтың делебесін қоздырып, қанын қыздырған сөз сайысының оздырылуы заңдылық деп түсінеміз. Алдағы уақытта да киелі өнер айтыстың мәртебесін көтеріп, бәсін биіктетуге өздеріңіздің қызу қолдауларыңызбен атсалысатын боламыз.

Бүгінгі күні біздің шашбауымызды көтеріп, жыр додасына қатысу үшін ауданымызға арнайы келген өнерпаз қонақтарымызға қош келдіңіздер айта отырып, барша аудан халқы атынан зор ризашылығымды білдіремін. Өйткені, сіздер өздеріңіздің табиғи таланттарыңыздың арқасында ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата салт-дәстүрге тәрбиелеуге өзіндік зор үлестеріңізді қосып келесіздер,»- деп ақындарға сәттілік тіледі.

Мұнан кейін жеребе тасталып, алғашқы жұп қызылқоғалық Бимырза Әбілқайыр мен индерлік Мейрамғали Алғалиев айысты. Қара сөзді кие тұтқан жас ақындардың айтысы көпшілік көңілінен шықты. Ал, екінші жұп құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғманов пен қызылқоғалық Салауат Кәрімұлы шаппа-шап айтыстың нақ үлгісін көрсетті. Өз кезегінде мақат атынан сынға түскен Әнуарбек Садықов пен атыраулық Өнербек Дәулекенов тақырыпқа тереңнен бойлап, орнықты ойларын, пайымды пікірлерін жыр жолдары арқылы жеткізе білді. Айтыстың төртінші жұбы махамбеттік Ерасыл Мұхитов пен исатайлық Амангелді Панабердиев және бесінші жұп жылойлық Ернұр Салауатұлы мен индерлік Абылай Смағұлов, алтыншы  атыраулық Манарбек Сатыбалдылар жырға шөліркеген халыққа тамаша тарту жасады. Айтыстың екінші айналымына сахна мәдениетін сақтап, өз ойын қарсыласына да, көрерменге де жеткізе білген алты ақын жолдама алды. Ақтық бәсекеде Ернұр Салауатұлы мен Нұрбейбіт Нұғманов айтысса, Бимырза Әбілқайыр мен Әнуарбек Садықов, Өнербек Дәулекенов пен Амангелді Панабердиев жұп құрады. Онда сында күйеу мен қайын аға, іні мен аға болып сөз жарыстырған ақындарға айтыс десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қоятын халық, аламан доданың кіл жүйріктері «атқа қонғанда» тақымын қысып отырды. Жылыойдың жыр сүлейлерінің жақұт көзіндей боп 80-90 жылдары жарқ еткен айтыскер ақын Салауат Исахаевтың ізін жалғаған ұлы Ернұр Салауатұлы мен атыраулық ақын, халықаралық, республикалық жыр бәйгелерінің жеңімпазы Өнербек Дәулекенов шешуші финалда шаппа шап айтыс арқылы лық толы көрермені бар залды дүр сілкіндірді.

Халықты жырмен сусындатқан айтыстың қоры¬тындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлде, 500 мың теңгемен Ернұр Салауатұлы, бірінші орын, 400 мың теңгемен Өнербек Дәулекенов, екінші орын, 200 мың теңгемен Бимырза Әбілқайыр, Амангелді Панабердиев, үшінші орын 150 мың теңгемен Нұрбейбіт Нұғманов, Әнуарбек Садықов иеленсе, өзге де  қатысушыларға 100 мың теңге ақшалай сыйақы мен алғыс хаттар табыс етілді.