Жолшы дейтін мамандық бар...

«Темір жол – экономиканың күретамыры» деген тұрақты сөз тіркесі орынды айтылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өйткені, оның бойымен күндіз-түні үздіксіз жүйткіген пойызбен сан мыңдаған өндіріске қажетті жүк пен жолаушылар тасымалданады. Темір жол саласын қарқынды дамыту ел экономикасының өркендеуіне алып келері анық. Сондықтан да бұл саладағы жұмыс өте ауқымды әрі аса күрделі. Мемлекетімізге қыруар пайда келтіріп тұрған темір жол қызметінде мұндай қарбалас тірліктің болуы да заңды. Экономиканың қозғаушы күші ретінде бұл саланың жыл сайын дамып келе жатқаны қуантады.

Шойын жол бойындағы қайнаған тірлік, ондағы темірдей тәртіп пен ырғақты жұмыс маған бұрыннан да жақсы таныс. Балалық шақтан басталған саналы ғұмырым осы маңда өтіп келеді. Сондықтан да ерсілі-қарсылы толассыз ағылған тепловоздар гудогінің ащы «айқайы», вагондардағы темір дөңгелектің дүниені көшіретін дүрсілі басқаларын білмедім менің құлағыма жағымды естіледі. Теміржолшылардың да қысы-жазы толастамайтын тынымсыз тірлігін бір кісідей білемін. Қандай ма маңызды міндетті білікті кадрлар мен майталман мамандар шешеді. Осы орайда болат жол бойындағы қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ететіндердің еңбегі ерен. Фотоға түсіру көптен айналысатын хоббиім еді, жастық шағымда аудандық «Ленин жолы» газетінде фототілші де болғанмын. Сол әуестігім оянып жақында болат жол бойының бапкерлерінің жұмыстарының кейбір сәтін фотоға түсіріп алған едім.

Бірінші суреттегі жолауышылар пойызының тәжірибелі машинисі Қаһарман Сатимов пен оның көмекшісі Дидар Әміржанов ауысымды кезекшілігі кезінде сеніп тапсырылған составтың діттеген жеріне дін-аман жеткізілуіне мүдделі. Темір жол саласындағы көп жылғы еңбектері кезінде ондай оғаш жағдайлар болған емес.

Екінші суреттегі вагондар қозғалысының ақаулығын қадағалаушы Әлібек Амановтің жіті назарынан титтей де кінәраттар тыс қалмайды. Пойыздар тоқтағанда вагондар тізбегінің доңғалақтарын ұзын балғамен ұрғылап, шыққан дыбысқа қатаң мән беріп, ақаулығын анықтап отыру оның жауапкершілігінде.

Үшінші суреттегі теміржолшылар Айбек Иманбаев пен Қалима Құсайынова жолды ауыстыру бағыттарын қар-топырақтан тазалап, майлап-сайлап отырады. Олардың бұдан бөлек болат жолдың бойындағы қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етудегі жұмысы жетерлік. Бұл міндетті екеуінен басқа жол шебері Айбек Хасанов, бригадир Мақаш Қабдулов, жұмысшылар Абай Құрманбаев, Ғибрат Дүйсенов, Иманкелді Сәдібеков, Асқарбек Сүндетқалиев мінсіз атқарып, абыройлы еңбектерімен еленіп келеді. Осындай теміржолшылардың тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты қуатты Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қосуда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ