Атырау облыстық ауруханасында бүйрек пен зәр шығару жолдарындағы тастарды хирургиялық араласусыз емдеуге болады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау дәрігерлері бүйрек тастарын ауырсынусыз алудың заманауи литотрипсия әдісін қолданып жатыр. Бұл жаңа технология соққы толқындары арқылы тастарды ұсақ бөлшектерге бөліп, олардың табиғи жолмен шығуына көмектеседі. Литотрипсия әдісінің басты артықшылықтары: операциясыз – хирургиялық араласу қажет емес; емдеу барысында науқас ауырсынуды сезінбейді; жылдам қалпына келу – қысқа мерзімде қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді.
"Бұрын бүйрек тастарын алу үшін ота жасалып, науқас ұзақ уақыт бойы қалпына келуі қажет болатын. Ал жаңа әдіс арқылы тас арнайы құралдар көмегімен ұсақталып, табиғи жолмен шығады. Бұл емдеу тәсілі қауіпсіз, тиімді және қолайлы. Қазірдің өзінде 20-дан астам науқас осы әдіспен емделіп, оң нәтижесін көрді! Атырау облысының медицина саласы осындай заманауи технологияларды енгізу арқылы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді жалғастыруда. Егер сізде бүйрекке қатысты мәселе болса, уролог дәрігерге қаралып, дәрігердің кеңесін ала аласыз" дейді мамандар.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ