Ұлттық экономика министрі "Атырау жылу желілері" АҚ-да болды

Атырау облысына жұмыс сапары барысында Әлібек Қуантыров АЖЖ жұмысымен танысты, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бүгінгі таңда кәсіпорынның балансында 426 шақырым жылу желісі бар. Тозу деңгейі - 68%-ды құрайды.

2023 жылға арналған жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бекітілген тарифтер шеңберінде кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы мынадай бөлімдер бойынша түзетілді:

Жалпы сомасы 573 млн. теңгеге жылу желілерін қайта құру және жаңғырту. Бұл шаралар 2023 жылы коммуналдық желілердің тозуын 1,5%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру - 151 млн. теңге.

Жабдықты жаңғырту - 22 млн. теңге.

Кәсіпорынның өндіріс қызметкерлерінің жалақысы 2 есеге артты. Қазір мұнда 636 адам еңбек етуде. Нәтижесінде жылумен жабдықтау бойынша соңғы тариф 7%- ға, ал коммуналдық төлем 2 мың теңгеге дейін өсті. 

Сондай-ақ,  ҰЭМ басшысы Атырау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінде болды. Жиын барысында ТМРКД жұмысының негізгі бағыттары талқыланды. Министрге бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді. Ә.Қуантыров өңірлік Департаментке "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасының іске асырылуын мұқият бақылауды және халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды.

 "Жүргізіліп жатқан барлық шаралар апаттар мен желіден ажыратулар санын төмендетуге, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады. Қаражат дивидендтерге, кәсіпорындардың басқа да шығындарына кетпеуі үшін инвестициялық бағдарламалардың орындалуын мұқият қадағалау қажет. Адамның қатысуынсыз тексеру кестесін белгілейтін тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді", - деді ол.

 Сондай-ақ, ол коммуналдық төлем негізсіз көтерілген жағдайда ақша тұтынушыларға қайта есептеу арқылы қайтарылатынын еске салды. Бұл ретте табысы төмен отбасылар тұрғын үй жәрдемі механизмі шеңберінде коммуналдық өтемақы ала алады.