Қазақстан 2034 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізуге өтінім бермейді

Қазақстан 2034 жылғы әлем чемпионатын өткізбейді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды AtyrauPress.

 

«Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық футболды дамытуға ерекше назар аударады және осы бағытта жан-жақты қолдау көрсетеді. Алайда, Қазақстанда футболдан әлем чемпионатын өткізу туралы мәселе қаралмағанын, тиісінше, чемпионатты өткізу үшін біздің еліміз өтінім беруді жоспарламағанын мәлімдейміз», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін БАҚ беттерінде Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұлов 2034 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізу үшін Өзбекстанмен бірлесіп өтінім беруді ұсынды деген ақпарат тарады.

Алайда, белгілі футбол сарапшысы Әлішер Никимбаев Қазақстан мен Өзбекстанның 2034 жылы әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігіне күмәнданды. 

"Менің пікірім қарапайым: бұл мүмкін емес. Әлем чемпионатын өткізу үшін кем дегенде 15-16 стадион қажет. Қазір мұндай стадиондар мүлдем жоқ. Яғни, 10 жыл ішінде 5 миллиард долларға 15-16 стадион салу керек. Салыстыру үшін айтайын, Катар 10 жыл ішінде 7 стадион салды. Мен енді әуежайлар, қонақ үйлер, жаттығу базалары туралы айтпаймын. Барлық стадиондар үшін 5 миллиард доллар жұмсау - әлдеқайда үнемді дер едім. Менің ойымша, кем дегенде 25-30 миллиард доллар қажет болады. Лос-Анджелестегі Sofi стадионының өзі 6 миллиард доллар тұрады, бірақ ол әлем чемпионатының финалын қабылдай алмайды. Бұл мүмкін бе?" - деді Никимбаев.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты Канада, АҚШ және Мексикада өтеді. Бұл үш ел бірлесіп өткізетін алғашқы әлем чемпионаты болмақ.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА