Атыраулық құтқарушыларға 11 автокөліктің кілті табысталды

N3 мамандандырылған өрт сөндіру бекетінде Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөлімшелеріне қызметтік автокөліктердің кілтін табыс етілді, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Жаңа көліктердің кілтін ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов және Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев тарту етті. Сыйға берілген 11 темір тұлпардың тоғызы «JAK» және екеуі «Chevrolet» маркалы автокөліктер.

Жаңа көліктердің кілтін табыс еткен министр қызметкерлерге еңбек жолындағы адалдығы мен батылдығы үшін қызметкерлерге, сондай-ақ Атырау облысының әкімдігіне қолдау көрсеткені үшін  алғысын білдірді.

«Жаңа автокөліктер қаржылық лизинг арқылы, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен сатып алынды. Барлық техника Қазақстанда жасалған. Жаңа автокөліктердің көмегімен азаматтарды түрлі төтенше жағдайлардан қорғау кезінде кәсіби міндеттер тиімді жүзеге асырылатынына үміттенеміз», - деп атап өтті ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, бұл – төтеншеліктерге берілген сыйлықтың бастамасы ғана. Жыл соңына дейін тағы 46 жаңа арнайы өрт сөндіру техникасы жеткізіледі. 

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА