Атыраудағы мешітте жаға ұстатар жайт орын алды (+ВИДЕО)

Сұлтан Бейбарыс мешітінде келушілердің бірі дөрекілік танытқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бейнежазбадан жас жігіттің діни қызметкерлердің сөзіне құлақ аспай, дауласып жатқанын байқауға болады. Кейін оған таныстары да қосыла кеткен.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтің айтуынша, бұған жайтқа қатысты полиция басқармасына қоңырау түскен. Онда белгісіз адамдар қалалық Сұлтан Бейбарыс мешітінде діни бірлестік өкілдерімен айқайласа бастағаны жөнінде айтылған. Бұл өз кезегінде мешітке келушілердің арасында алуан пікірдің туындауына әкеліп соққан. Арты дау-дамайға ұласқан.

Полиция қызметкерлері бұл іске қатысты қажетті құжаттарды жинақтап, діни басқармаға жолдаған. Одан әрі аталған мәселе әкімшілік сотта қаралатын болады.  

Еске сала кетейік, осыдан бір апта бұрын «Бақтыгерей молла» мешітінде де Құптан намазы кезінде имамға ұйыған жамағаттың бірі «әмин» сөзін дауыстап айтып, мешіт қызметкерлерінің ескертуін елемей, дөрекілік танытқанын жазған едік.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: "Taunews"