Астрахандық делегация «Ultrastap Kazakstan» кәсіпорнында болды

Өңірде 2020 жылдан бастап жол құрылысы үшін геосинтетикалық материалдар өндіруші кәсіпорын құрылтайшылары астрахандық делегацияны қарсы алды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аталған кәсіпорынға Астрахан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қорының бас директоры Ирина Азарова, «Лотос» ерекше экономикалық аймағы АҚ Бас директорының орынбасары Андрей Налимов және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер паласының Атырау облысы бойынша директоры Нұрлан Сүйінбаев барып, «UltraStap Kazakstan» мекемесінің жұмысымен танысты.

Кездесу барысында кәсіпор құрылтайшылары астрахандық қонақтарға «Ultrastap Kazakstan» ЖШС туралы толық мағлұмат берді. Ал кездесу соңында «Астрахан сауда-өнер кәсіп палатасы» одағының президенті Станислав Синченко кездесуден алған әсерімен бөлісті.

- Бүгін делегациямен  осы мекемеге келіп, олардың тыныс-тіршілігін көзімізбен көрдік. Бізге осындай кәсіпорындарды аралаған қызық. Себебі біздің де облымызда осыған ұқсас өнеркәсіптер бар. Кездесу кезінде осы мекемемен қалай тығыз қарым-қатынас орнатуға болатыны туралы да талқыланды. Өйткені біздің мақсатымыз - екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Осы бағытта екі ел кәсіпкерлері арасындағы сенім телефонын іске қосу да жоспарлануда. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге Атырау мен Астрахан арасында өз кәсіптерін дамытуына көмектеседі, - деді С.Синченко.

Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облысы бойынша директоры Н.Сүйінбаев, өңірде өтіп жатқан кездесулер облыстағы кәсіптердің дамуына жаңа серпін беретінін айтты.

Айта кетейік, «Ultrastap Kazakstan» ЖШС өндіретін геосинтетикалық материалдар жол құрлысы, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ салаларында жиі қолданылады. Олар өңірде 2020 жылдан бастап өз өнімдерін шығарып келеді. 2021 жылы облыс бойынша үздік кәсіпорын атағын иеленсе, өткен жылы республика көлемінде «Ұлы дала елі» жобасында жеңімпаз атанған. Аталған мекеме тек Қазақстанға ғана өнімін ұсынып отырған жоқ, сонымен қатар Қырғыстан, Ресей сынды елдерге де экспортқа шығып отыр.