Құрманғазыда іскер әйелдер бас қосты

Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары және белсенді әйел азаматшалармен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, кездесу барысында аудан басшысы өңірде азаматтармен қатар иықтаса жауапты қызметтерге басшылық етіп жүрген әйел азаматшаларды көктем мезгілінің көрікті мерекелерімен құттықтап, лебізін жеткізді :

“Құрметті ауданымыздың белсенді де білікті әйел азаматшалары! Бүгінгі басқосудың себебі - көктем мезгілінің мерекелерінде аудан экономикасының барлық саласында азаматтарымызбен қатар иық тіресіп, табысты еңбек етіп жүрген өздеріңізбен жүздесу. Сіздер ауданымыздың қай саласын болмасын өздеріңіздің жоғары білім мен қабілеттеріңізбен тізгіндеп келесіздер. Ауданымызда 10 жылға жуық тарихы бар, облыс, республикаға танымал Аналар кеңесі бар. Олардың 19 ауылдық округте төрайымдары да сайланған. Атқарып жатқан жұмыстарыңызды да қарқынды деп білемін. Сонымен қатар, ауданның білім, денсаулық, мәдениет, мемлекеттік қызмет саласында да басшылық етіп жүрген аруларымыздың орны бөлек. Сіздердің ерге бергісіз қызметтеріңіз бен қоғамға жақсылық тілеп жүрген аналық мейірімдеріңізді әрдайым жоғары бағалаймын. Әрқашан осындай сұлу қалыптарыңызбен, алдағы уақытта да туған өлкеміз – күй елі Құрманғазы ауданының дамуына сүбелі үлес қоса берулеріңізге тілектеспін“ деген аудан әкімі азаматшаларға сый-құрметін көрсетті.

Сонымен қоса, ұсыныс-пікірлер тыңдалып, ауданда гендерлік саясатты дамытуда, әйел азаматшалардың құқығын қорғауда жасалып жатқан жұмыстар да талқыға салынды. Ауданымызда Аналар кеңесі, денсаулық, білім, мәдениет, мемлекеттік қызметпен қатар халық қалаулылары қатарынан да қыз-келіншектер көрінуде. Салтанатты жүздесу барысында әйел-аналар қауымы өздеріне деген аса бөлек көңілі үшін аудан басшысына алғыстарын айтып, елге тыныштық, жұртқа амандық тіледі.