Атырауда «Үздік ұйым» байқауы қорытындыланды

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, үкіметтік емес ұйымдарды төл мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ «Үздік ұйым» байқауының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыста әлеуметтік және қоғамдық міндеттерді шешуге үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдардың жетістіктерін насихаттау, үздіктерді анықтау мақсатында тіркелгеніне үш жыл болған, яғни, жас ұйымдардың үздіктері анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Бұл байқау облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты «Азаматтық орталық» КММ ұйымдастыруымен өтті. «Үздік ұйым» байқауының қорытындысына сәйкес бес жеңімпаз марапатталды.

«Shyraq Education» жеке қорының төрағасы Данабек Абилдаев, «Қазақия» қоғамдық қорының басшысы Жанар Әбіш, «Жарқын ЖанҰя» қоғамдық бірлестігігің басшысы Динара Құдайбергенова, «Жаныңдамын» қоғамдық қорының басшысы Мейрамгүл Еснязова және «Key Transform» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрсұлтан Зиядаев үздік деп танылды.

Сонымен қатар басқа да ҮЕҰ-ға ҚР денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстанның Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің, Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов пен облыстық мәслихаттың алғыс хаттары табысталады.

- Бұл мереке өңірде жыл сайын атап өтіледі. Іс-шараның мақсаты – азаматтық қоғамның маңыздылығын түсініп, халықтың игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұйымдардың еңбегін насихаттау және жетістіктіктерін атап өту. Былтыр атыраулық ҮЕҰ үшін де сәтті жыл болды. Өткен жылы мәдениет және ақпарат министрлігінің ҮЕҰ-ға арналған арнайы сыйақысы тағайындалды. Сол тізімде біздің өңір Алматы қаласымен бірге екінші орында тұрды. Бұл — біз үшін үлкен жетістік, - деді «Азаматтық орталық» КММ басшысы Жанат Доскалиева.

Өңірде 800-ден астам ҮЕҰ тіркелген. Оның 205-ге жуығы белсенді жұмыс істейді.Әсіресе, Атырауда денсаулық, мәдениет, экология, инклюзия бағыттары қарқынды дамып келе жатыр.

Сәуле МАҒАУ