Атырау қаласында медициналық қалдықтарды өртеген серіктестік үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Atpress kz
Атырау облысы бойынша экология департаментінің ресми өкілі Аслан Жеңісұлының мәліметіне сәйкес, 23 қыркүйекте Атырау қаласы «Арнаулы Автобаза» ЖШС полигоны маңындағы әлдебір шұңқырдың ішінде медициналық қалдықтардың өртеніп жатқаны туралы бейнетаспа «WhatsApp» әлеуметтік желісінде тарап кеткен екен. Кейін, медициналық қалдықтарды өртеп жатқан «AG Disinfection services» ЖШС екені анықталды.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің «Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесіне Атырау қаласының тұрғынынан жоғарыда көрсетілген оқиға бойынша мән-жайды анықтап, тиісті шараларды қолға алуды талап еткен. Соның негізінде, департамент Атырау облысының Полиция департаментіне «AG Disinfection services» ЖШС қатысты Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне сәйкес процессуалды шешім қабылдау үшін тиісті құжаттарды жолдады.
Бүгінде Атырау қалалық полиция басқармасымен «AG Desinfection Services» ЖШС-не қатысты қылмыстық іс көтеріліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталып кеткен.
Atpress kz
Фото Атырау облысы бойынша экология департаментінен алынды