Атырауда жаға жыртысқан әйелдер соттан бір шықты

Атырау соттарының ресми парақшасы мәлім еткендей, Жылыой аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен (денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) азаматша Д.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы ісі қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2024 жылдың мамыр айында Құлсары қаласындағы «Нақыш» ғимаратында гуманитарлық көмек, яғни азық-түлік беру-алу кезінде азаматшалар Т. мен Д. екеуі сөзге келіспей қалып, Д. жәбірленуші Т.-ны итеріп құлатып, нәтижесінде жәбірленуші жеңіл дене жарақатын алған.

Д.-ның әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудағы кінәсі сот медициналық сараптама қорытындысымен, бейне-дыбыс жазбасымен, арызбен, түсініктемелермен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және басқа да іс құжаттарымен толықтай дәлелденді.

ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігінің санкциясында 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген.

Сот медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші Т.-ның денсаулығына «жеңіл» дәрежелі зиян келгені анықталған.

Д.-ның әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде оның бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылмағаны, 14 жасар кәмелетке толмаған баласының бары танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот Д.-ның жеке басын, құқық бұзушылықтың сипатын, жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, ӘҚБтК-тің 829-11-бабының 2-бөлігін қолданумен оған 38 766 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: thumbs.dreamstime.com