Белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Жиенбай Бақи дүние салды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ол осыдан екі жыл бұрын өзінің мерейлі 85 жасын тойлап өткен болатын. Ал, биыл оның бір білім ордасында табан аудармастан жұмыс жасағанына 60 жыл толған еді. Жиенбай Базарбайұлы 1958 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарих мамандығы бойынша білім алып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде алғашқы еңбек жолын бастады. Осындағы Қазақстан тарихы кафедрасының негізін қалады. Қарапайым оқытушыдан профессор дәрежесіне дейін көтерліген ғалымның өмір жолы да, еңбек жолы да көпке үлгі, ұрпаққа өнеге болды.
Айта кетейік, Жиенбай Базарбайұлы – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Жиенбай Бақи шығармашылығының негізін Қазақстан тарихындағы тұлғалар өмірі мен қызметі құрайды.Соның ішінде Ғани Мұратбаев және Алаш қайраткерлері туралы келелі зерттеулері бар. Соңғы жылдары жазылған «Қазақтың бахад.р батырлары»атты ғылыми танымдық еңбегінде өлкедегі Ұлы Отан соғысының батырлары туралы баяндайды.
Балық өндірісі тарихнамасына қосылған қомақты үлес ретінде Ж.Б.Бақиевтің «Қазақстанның балық шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру (1917-1937 жж.)» – атты тақырыпта 1972 жылы қорғалған кандидаттық диссертациясы ерекше орын алады. Жұмыстың бірінші тарауында Қазақстанда 1917 жылға дейінгі кезеңде балық шаруашылығының дамуына көңіл бөлініп, көптеген мәселелерге тоқталып, тың пікірлер жасаған. Аталған ғылыми жұмыста ХVІІ ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейінгі кезеңде Батыс Қазақстан аумағында балық шаруашылығының қалыптасуына шолу жасалып, сол кезеңдегі ірі балық аулау орындары туралы, ол жерлерді отаршылдардың жаулап алуы жөнінде әңгімеленеді. Сонымен бірге, балық шаруашылығын басқа шаруашылық түрлерімен салыстыра келе, оның ел тұрмысында елеулі рөл атқарып, осы аумақтағы халықтың негізгі шаруашылығының түрі екендігін атап өтіп, жергілікті халықтың табыс көзіне айналғандығын айқындайды. Капиталистік қатынастардың дамуы барысында қазақ еңбекшілері балық аулау орындарына жұмысқа жалданып, кәсіпқой балықшылар тобын толықтырып, бұл саланың дамуына өзіндік үлесін қосқандығы көрсетілген. Шет елдерге шығарылатын Қазақстанның қазба байлықтары қатарында, балықта негізгі тауарға айналғандығы архив деректері негізінде дәлелденеді.