Вакцинацияға қатысты тағы бір фейк тарады

Instagram әлеуметтік желісінде америкалық дәрігер Ана-Мария Михалчидің сұхбаты шықты. Оның айтуынша, вакциналарда микрочиптер мен металдар бар, бірақ олардан құтылуға болады. Михалча оның жолын тауып, үш жылдан бері адамдарды «емдеп» келеді екен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ресми stopfake.kz мұның фейк екенін мәлімдеді.

Тегі румын америкалық дәрігер Ана-Мария Михалча Желіде вакциналар туралы мифтер мен жалған ақпарат таратушы ретінде бұрыннан белгілі. 2023 жылдың желтоқсанында ол балаларға қызылша, қызамық, паротит және желшешекке қарсы екпелерде «наноботтар, кванттық нүктелер және өздігінен жиналатын гидрогельдер» бар деп айтқан. Оның барлық тұжырымының ғылыми негізі жоқ. Бұл жалған ақпаратты Veridica румын фактчекері жоққа шығарды.

2024 жылдың ақпанында Михалча COVID-19 қарсы егілгендер ультракүлгін сәуленің астында жарқырайды деген қауесет таратты. Яғни, адамдардың мінез-құлқын бақылау үшін оларға наноботтар енгізілген. Румын физигі Кристиан Пресур HotNews порталына микро өлшемді жасанды құрылғылардың неліктен адам денесін басқара алмайтынын түсіндірді. Оның пікірінше, дене функцияларын бақылау үшін микрочиптер миға имплантациялануы керек. Алайда, қазіргі уақытта ғалымдар адамның нейрондық құрылымының қалай жұмыс істейтінін толық білмейді. Мида шамамен 100 миллиард нейрон бар және оларды бақылау үшін әрқайсысын бөлек басқару қажет болады.

Әлемде шамамен 5,6 млрд адам COVID-19 қарсы егілді. Бірақ олардың ешқайсысында денеде нанороботтар да, ауыр металдар да анықталған жоқ. Тұтынушыларға ұсынбас бұрын иммундауға арналған әрбір дәрінің қауіпсіздігі тексеріледі.

Вакцинациядан кейін пайда болған микрочиптерге қарсы дәрі ретінде Михалча ЭДТА препаратын ұсынады. Ғылыми тілмен айтқанда, бұл этилендиаминтетрасірке қышқылы. ЭДТА тоқыма, былғары, қағаз, бояу өнеркәсібінде, сондай-ақ металл мен резеңке өндірісінде қолданылады. Медицинада ЭДТА-ның көмегімен денеден радиоактивті және улы металдар шығарылады.

Тағамдық қоспаларды өндірушілер ЭДТА-ның рецептісіз формаларын ағзаны «тазарту» және асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсарту үшін ішке қолдануға болатындығын айтады. Алайда, бұл талаптарды қолдайтын ғылыми зерттеулер жоқ.

Бірақ ЭДТА-ның жанама әсері көп. Ең жиі кездесетіні – көктамырға егу орнының ашуы. Ал ең ауыры – бүйректің зақымдануы және бүйрек жеткіліксіздігі. Сондай-ақ, анемия, тамырлардағы тромбтар, қанда магний мен калий деңгейінің төмендеуі, буындардың ауырсынуы, жүрек ырғағының бұзылуы және т. б.

Америкалық дәрігер Михалчидің вакциналарда микрочиптер мен металдар бар екені туралы тараған ақпарат – фейк. Ғылыми зерттеулер бұл пікірді растамайды, ал дәрігердің өзі жалған ақпарат көзі ретінде белгілі. Вакциналардың қауіпсіздікті қатаң тексеруден өтеді және екпе алған 5,6 млрд адамның ешқайсысында нанороботтар немесе ауыр металдар табылған жоқ. Ол ұсынған ЭДТА құралының жанама әсері болуы мүмкін, сондай-ақ ықтимал микрочиптерден тазарту үшін оның тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com