Германияда ресми сапармен жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрші Ресей Федерациясымен арадағы қарым-қатынасты сөз етті, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара әлдеқашан делимитацияланған және айтарлықтай дәрежеде шегенделген. Екі елдің парламенттері оны ратификациялап, мақұлдаған. Сондықтан Ресей тарапынан қандай да бір территориялық талаптар туындайды деп біз еш алаңдамаймыз", - деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан Ресейге салынған санкция режимін сақтайтынын атап өтті.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 28 қыркүйегінде Германияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысының шет мемлекетке келіп жеткен сәтінің суреттері мен видеосы Telegram-дағы Ақорданың ресми парақшасында жарияланды. Сондай-ақ Тоқаев Германия канцлерімен бетпе-бет форматында келіссөз жүргізді.
Сурет: akorda.kz